RU

Денсаулық сақтау бұрынғы вице-министрі 500 млн теңге жымқырды деп күдіктелуде

Әбішев
Фото: ezdrav.kz

Денсаулық сақтау экс-вице-министрі Олжас Әбішев 500 миллион теңгені жымқырды деп күдіктелуде. Бұл туралы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Еліманов онлайн-брифинг барысында мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бүгінде денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты тергеу жүргізілуде, ол ақпараттық жүйелерді құруға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деп күдіктеліп жатыр", - деді комитет басшысы.

Еліманов Әбішевтің қамауға алынғанын, тергеу әрекеттері жалғасқанын атап өтті.

"Жұмыстың аяқталмағанын біле тұра, Әбішев орындалған жұмыс актісіне қол қойған және оған ақы төлеген. Қазіргі уақытта жүйе жұмыс істемейді. Іс шеңберінде осы министрлікте бюджеттік қаражатты жұмсаудың басқа фактілері де тексеріліп жатыр", - деді Еліманов.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің үшінші мегаполисінде сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы 500 млн теңгеден астам қаражат жымқыру бойынша күдікке ілінді

18 тамызда Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов онлайн-брифинг барысында процессинг орталығы қызметкерлерінің ұсталуына қатысты пікір білдірген еді.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Алматы полиция департаменті процессинг орталығының қызметкерлері ұсталғанын хабарлаған болатын. Орталық қызметкерлерінің бірі 800 мың теңге пара алу үстінде қолға түскен.

Сондай-ақ Алматыда екі жүз мың теңге көлемінде пара алған прокурор мен полицейдің істі болғанын жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875357-densaulyk-saktau-bryngy-vice-ministri-500-mln-tege-zymkyrdy-dep-kdiktelude/