Ата-анасын жындыханаға жібереді: Елдегі "жаңа заң жобасы" желіні шулатты
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде егер үшінші бір адам шағым жасаса, онда ата-аналарды 15 тәулікке қамап, балаларды алып қоятын заң қабылданады деген ақпарат тарап жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Stopfake.kz ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресми органдардың хабарлауынша, Қазақстанда мұндай заң қабылданбаған. Ал әлеуметтік желідегі қауесетті 23 қыркүйекте мәжілісте талқыланған заң жобасын дұрыс түсінбеген тұрғындар таратқан.
"Ақымақтардың арманы орындалды - бізге Еуропа келді, бірақ өмір сүру деңгейі бойынша емес, қасиетті отбасын бұзу бойынша. Міне кодекс негізіндегі жаңа заң - кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналарды жындыханаға жіберіп, ал балаларды алып қояды", - деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Ресми органдардың хабарлауынша, мәжілісмендер расымен де "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңды мақұлдаған. Алайда онда ата-аналық құқықтан айыру туралы сөз қозғалмаған.
Жаңа заң жобасы отбасылық зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге және елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша превентивті шараларға басымдық беруге бағытталған.
Осыған байланысты құжатта Ішкі істер органдарының әрекет етуіне жәбірленушінің ресми мәлімдемесі ғана емес, сонымен қатар туыстарының, достарының хабарламалары немесе әлеуметтік желілердегі посттар да сигнал ретінде қабылдануы мүмкін екендігі туралы нормалар қарастырылған.
Ал кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлық-зомбылық дәлелденсе және оны отбасында қалдыру қауіпті болса, онда ата-анасынан баланы алып қоюға рұқсат етіледі.
"Көршілер жанжал туралы хабарлаған соң отбасының кез келген мүшесі 15 тәулікке қамалатыны туралы ақпарат та дұрыс емес", - делінген сайтта.
Жаңа заң жобасында мұндай жазалау шаралары көрсетілмегені айтылған. Депутаттар ұсынған өзгерістерде тек қорғау ұйғарымын алу көзделген. Соған сәйкес агрессор жәбірленушімен 30 күн бойы байланысқа шыға алмайды.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай ұйғарымды алуға келісімді жәбірленушінің өзі ғана береді. Әрине, олар көбінесе қорқады, кейбір жағдайда отбасылардың қысымы болды. Қазір біз адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, құқық қорғау органдарына зардап шеккен тараптың келісімінсіз осындай ұйғарым алуға өкілеттік беруді ұсынып отырмыз", – деді дептутат Ирина Унжакова.
Айта кетейік, парламент мәжілісінің депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған. Ал екінші оқылым қаңтар айында өтеді деп жоспарланған.
Еске сала кетсек, Қызылорда облысында 11 жастағы балаға әкесінің досы жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткені туралы ақпарат тараған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876773-ata-anasyn-zyndyhanaga-ziberedi-eldegi-zaa-za-zobasy-zelini-sulatty/