Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде кәмелетке толмаған қос ғашық төсек қатынасына түсті: Оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Опубликовано:

Фото
Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде кәмелет жасқа толмаған колледж студенттерінің арасындағы махаббат қылмыстық іске айналды. Бірін-бірі ұнатқан қос ғашықтың бала махаббаты дауға айналып, іс насырға шапты. 17 жастағы жігіт 15 жастағы қызбен төсектес болғаны үшін қылмыстық тергеу жүріп, ауыр баппен қамауға алынды. Қазір жасөспірім шақта үлкен өмірді бастап кеткен бозбала мен бойжеткеннің  ата-анасы жылап, заңнан кешірім беруді сұрайды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Менің 17 жастағы балам Ақниет есімді 15 жастағы қыз баланы ұнатқан. Олар өзара келісіммен кездескен. Күштеу, зорлық белгілері жоқ. Сондықтан баламның әрекеті педофил ісіндей қаралмаса екен. Себебі, өзі де бала. Балам қызымен таныстырғанда неке сарайына апарып, өздерін үйлендіруін сұрады. Олардың әлі жас екенін, үлкен өмірге ерте екенін ескерттім.

Балалар содан кейін үйден қашып кездесуді шығарды. Бірінші наурыз айында, кейін мамырда, маусымда үйге келмей, кетіп қалған кездері болды. Балалар үйден қаша берген соң 102 телефонына хабарласып, баламның үйде жоқ екенін айттым. Кейін қыздың анасы да ашу үстінде қызын экспертизадан өткізуге апарған",- дейді күдікті ретінде қамауға алынған жігіттің анасы Анар Қошанова.

Қамауда отырған 17 жастағы жігіт егіздің сыңары. 2-курс студенті 16 қыркүйектен бері қамауда отыр. Өздерін үйлендіруді сұрап жүрген жастардың байланысынан екі жақтың ата-анасы хабардар болған.

"Іс сотқа жеткеннен кейін бәрі кеш болып кетті. Қазір қыздың отбасы да, біз де екеуінің қосылғанын қалаймыз. Олардың обалына қалмасақ екен. Ғашықтарды жылатпайықшы. Президенттен көмек сұраймыз. Балалардың балалықпен барған әрекеті тағдырларын талқандамаса екен. Балалық таза махаббаттарын ойрандамай үйлендіргіміз келеді. Қазір қыз үйінде жылап, балам қамауда уайымдап отыр",- дейді жігіттің анасы.

Қыздың анасы жігітке және оның отбасына шағым түсірмейтінін айтып, полицияға арыз да түсірген.

"Баланың тағдырына зиян тигенін қаламаймын. Қызымды экспертизаға апарғаным рас. Ол туралы жігіттің анасына айттым. Балалардың тағдыры бүлінгенін қаламаймын. Екі бала бірін - бірі жақсы көреді. Олардың қосылып, отбасы болуына қарсы емеспін",- дейді қыздың анасы Люда Райымбаева.

Полиция 17 жастағы жігіттің кәмелетке толмаған қызбен бірнеше мәрте төсек қатынасына барғаны үшін қылмыстық тергеу жүріп, істің прокуратураға жолданғанын хабарлады.

"Осы деректе кәмелет жасқа толмаған қыздың ата-анасының арызы бойынша ҚР ҚК-нің 122-бап 3-тармағы бойынша тергеу аяқталды. Кәмелет жасқа толмағанмен бірнеше мәрте жыныстық қатынаста болған. Іс прокуратураға жолданды. Күдікті қамауға алынды. Себебі аталған іс аса ауыр қылмыс түріне жатады", - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ақтөбелік бозбала сүйіктісімен төсек қатынасына түскені үшін сотталуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Фото
Фото: NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876874-aktbede-kmeletke-tolmagan-kos-gasyk-tsek-katynasyna-tsti-okigaga-katysty-ty-derek-sykty/

pixel