Ерекше өмір салтын ұстанатын егде жастағы елордалықтар туралы не білеміз
Жарияланған күні:
1 қазан – қарттар күні. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қазан айынының алғашқы күнін Халықаралық қарттар күні деп бекіткен болатын. Атаулы күнге орай елімізде жасы егде тартса да, ерекше өмір салтын ұстанатын елордалықтар топтамасын ұсынамыз деп жазады KAZ.NUR.KZ Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Марафоншы, Президенттік көпсайыстан құрама команда мүшесі, 73 жастағы Әмегүлсін Мұсылманова спорттың көп түрінен жарыстарға қатысып тұрады. Атап айтқанда, шаңғы, тау трейлдері, көпсайыс, керлинг, теннис секілді спорт түрлерінен көптеген жарыстарға қатысқан.
"Қалалық, аудандық, республикалық марафондарға қалмай қатысуға тырысамын. Президенттік көпсайыстан құрама мүшесі болдым. Барлық жарыстардан жүлделі орын алып жүрмін. Командалық, жеке де есепте бірінші орынға ие болған кездер көп болды" , - деді Әмегүлсін Мұсылманова.
Ол күнделікті жаттығу жасап, немересімен бірге 5-10 шақырым жүгіретінін айтады.
"Күнделікті жаттығу жасаймын, немереммен бірге 5-10 шақырымдай жүгіремін. Оны да жаттығуға баулып жүрмін. Дұрыс тамақтану да маңызды. Бірінші мамандығым денешынықтыру пәні мұғалімі болғандықтан, өмір бойы спортпен шұғылданып келемін десем де болады", - дейді ол.
Әмегүлсін Мұсылманова соңғы 8 жылда 6 елді аралап, 121 марафонға қатысқан. Оның ендігі мақсаты – 2021 жылы Токиода өтетін ардагерлер чемпионатына қатысу. Бүгінде ол байрақты бәсекеде бақ сынау үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Ал, Алматы аудандық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Бариолла Буржумбаевтың зейнет жасына шыққанына 10 жылдан аса уақыт өткен. Ол бос уақытын тиімді пайдаланып, қоғамдық іс-шараларға жиі қатыса бастаған.
"Зейнетке шыққаннан кейін бос уақытым көбейді. Ал бос кезде мен жай жатқым келмейді. Сондықтан қоғамдық іс-шараларға қатысып, белсенді болуға тырысамын. Кастингтерге барып, өзімді актер ретінде де сынап жүрмін" , - деді қария.
Бариолла Буржумбаев түрлі телеарналар ұсынатын әлеуметтік бейнероликтерге, «Ауылға сапар» сериалының эпизодтарына, мұнайшылар туралы жаңа түсірілген «Черное Море» фильміне түскен. Сондай-ақ былтыр «Qazaqstan» ұлттық арнасы көрсеткен «Екі жұлдыз» жобасында әндерге қойылатын драматургиялық қойылымдарға да қатысқан.
"Маған жалпы кастингтерге барып, өнер көрсеткен ұнайды. Құрылыс саласында көп жылдар бойы қызмет еттім. Енді жаңа қырым ашылып жатыр. Мен мұндай жобаларға қаржы үшін бармаймын, тек өзіме қызық болған соң ғана қатысамын", - деді Бариолла Буржумбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877222-erekse-mir-saltyn-stanatyn-egde-zastagy-elordalyktar-turaly-ne-bilemiz/