Йогамен айналысатын алматылық зейнеткер ағылшын тілін үйреніп алды
Жарияланған күні:
Қазақта қарттықтың мәнін баланың қызығын көру деп түсінеді. Ал алпыстан асқан алматылық зейнеткердің өмір қағидасы өзгеше. Екі немересі бар әже өзі үшін өмір сүруді басты ереже ретінде ұстанады. 61 жасында алғаш ағылшын тілін үйреніп, йога, биге қатысқан зейнеткер қалайша белсенді? Бүгінгі қарттар күніне орай KAZ.NUR.KZ порталы алматылық зейнеткер Роза Әбдімадиевамен сұқбаттасып қайтты.
Әдетте зейнет жасына жеткен қазақ әйелдері үй тірлігінен әрі аса алмайды. Осыдан соң өмірінің соңы сұр тарта түскенін өзі де байқамайды.
Алматыда тұратын Роза Әбдімадиева үш баланың анасы, екі немересі бар.
Ол ай сайын сұлулық салонына барып тұрады. Өзі үшін әдемі киім киіп, жарқырап жүргенді ұнатады.
"Бізге ұзақ өмір сүру керек емес, бастысы белсенді өмір сүру керек" , - дейді ол.
Алматылық зейнеткер жасына қарамастан биге, йогаға қатысады, скандинавиялық жүрісті қолға алған. Сондай-ақ, ағылшын тілін үйреніп жүр.
"Мен зейнетке дейін қаржы саласында көп жыл қызмет еттім. Ал зейнетке шыққан соң өзім үшін өмір сүруді қолға алдым. Би, йога, скандинавиялық жүріске қатысамын. Шетелде тұратын қызыма барғанда қажет болар деп ағылшын тілін де үйреніп жүрмін. Қарттықты әдемі өткізуге тиіспіз. Балалар өсті, енді оларға салмақ салмау керек, құрбым арқылы арнайы белсенді өмір сүру орталығын тауып уақытымды тиімді өткіземін",- дейді зейнеткер.
Роза Әбдімадиеваның жолдасы әлі зейнетке шықпапты. Айтуынша келіншегінің белсенді өмір сүруіне еш қарсы емес.
"Жолдасым менің хореографияға, йогаға қатысатыныма, салонға баруыма қарсы емес. Ол кісі "қайта денсаулығыңды түзе, өзіміз үшін өмір сүрейік",- дейді. Біреулер бізді сынай жатар, бірақ 100 адамның ішінен мін іздейтін адам қашан да табылады. Елге қарамау керек",- дейді Роза апай.
Жұбайлар белсенді демалыс ұйымдастырып, бірге уақыт уақыт өткізгенді ұнатады.
Еске сала кетсек, зейнет жасына жетсе де, ерекше өмір салтын ұстанатын Нұр-Сұлтан тұрғындары туралы жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877340-jogamen-ajnalysatyn-almatylyk-zejnetker-agylsyn-tilin-jrenip-aldy/