Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкімнің шатағы болмасын": Балаларын сабаған әке өзін кінәлі деп санамайтынын айтты

Опубликовано:

"Ешкімнің шатағы болмасын": балаларын сабаған әке өзін кінәлі деп санамайтынын айтты
Видеодағы кадр: facebook.com

Ұлдарын аяусыз сабап, жұртшылықтың наразылығын тудырған Түркістан облысының тұрғыны өзінің балаларын "тәрбиелеу" әдісі туралы айтты. Оның сөздерін журналист Жазира Бегалы өзінің Instagram парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Әке-шешем мені солай тәрбиелеген. Мен ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелеймін, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын", – деген әкенің сөздерін журналист Жазира Бегалы өзінің желідегі парақшасында жазды.

Журналист отбасы өмірінің басқа да жай-жапсарын айтып берді. Оның сөзінше, отағасы ішімдік ішеді, содан кейін үйдің тынышын ұрлап, бала-шағасын мен әйелін қорлайтын көрінеді.

"Өзінің ұлдарын аяусыз ұрғанын дұрыс деп есептейтін әке балалары мен жұбайынан кеше кешірім де сұрамағанын естіп, жағамды ұстадым", – дейді Жазира Бегалы.

Сондай-ақ, оны видеодағы балалардың ешқайсысы жыламағаны таңғалдырған. Журналистің ойынша, себебі балалар жыласа, одан да зор таяқтың көкесін жейтінін біледі.

"Балаларға үрей, қорқынышпен өмір сүру оңай емес. Анасы бұған дейін де ағайын-жұртына шағымданған. Өкінішке қарай басы ауырмаған, балтыры сыздамаған, ол еркектің таяғын жемегендер бұл азаптың қаншалықты азап, тозақ екенін білмейді. Тас түскен жеріне ауыр. Ұят болады, шыда, балалар әкесіз қалады деп ақыл айтқыштарды сол еркекке бір сабатып алу керек. Басқа айтуға сөз таппай отырмын. Сол татуластырғыштар зорлық-зомбылықтың салдарын, себебін неге ойламайды?", - дейді ол.

Жазира Бегалы, оған қоса, әйелдің әрекетсіздігіне, тек қана видеоға түсіріп, бейқам отырғанын айтып, сынаған сыншыларға да жауап берді.

"Ерінен таяқ жеп, кіші ұлының аузы қанап, жылаған баласын жұбату үшін емізіп отырып, өзі қорқып, жүрегі қан жылаған шеше кешегі кадрларды жасырын түсіруге мәжбүр болғанын айтады. Сондықтан кез келген анаға перзентінің азаптағанын көру оңай емес. Солай өмір сүру тозақтың отынан азап", – дейді журналист.

Сонымен қатар Жазира Бегалы желіні шулатқан видеодан кейін полиция ұрып-соғу ісі бойынша балалар мен әйелден жауап алғанын айта кетті. Жұбайы өз сөздерінің дәлелі ретінде полиция қызметкерлеріне азаптау фактісі көрініс табатын бейнежазбасы бар телефонды қалдырған.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны күйеуі мас күйінде келіп, оны және ұлдарын ұратынын айтқан болатын. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен еді.

Бұл жайттан соң, әнші Меруерт Түсіпбаева ел арасында шу тудырған қатыгез әкенің видеосына пікір білдірді. Өнер иесі өз туған балаларын аяусыз сабаған ер азаматты әкелік құқығынан айыру керек екенін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877858-eskimni-satagy-bolmasyn-balalaryn-sabagan-ke-zin-kinli-dep-sanamajtynyn-ajtty/

pixel