RU

Жээнбековтің баспасөз хатшысы: Президент жағдайды бақылауда ұстап отыр

Сооронбай Жээнбеков 12
Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі / Султан Досалиев

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ол барлық саяси күштердің ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, қоғамның бөлінуіне және ел азаматтарын мазалайтын басқа да қауіптерге жол бермейтініне сенім білдіреді. Бұл туралы Жээнбековтің баспасөз хатшысы мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қырғызстанға сілтеме жасап.

Ол қазіргі уақытта мемлекет басшысының Бішкекте екенін жеткізді.

"Президент барлық күш-жігерін елдегі заңдылықты қалпына келтіруге бағыттайды. Бұл ең алдымен, жақында өткен парламент сайлауының нәтижелеріне қатысты. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, мемлекет басшысы орталық сайлау комиссиясына бұзушылықтарға қатысты материалдарды мұқият зерттеуді, қажет болса, сайлау нәтижелерінің күшін жоюды ұсынады", – деп мәлімдеді Толгонай Стамалиева.

Ол бұған дейін қырғызстандықтардың екі көтерілісті бастан өткізгенін және бейбітшілік пен тұрақтылықтың бағасын жақсы білетінін атап өтті. Айтуынша, сол себепті президент Жээнбеков барлық күш-жігерін елде бейбітшілік орнатуға бағыттайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін парламент сайлауының нәтижелеріне наразы болған халық Ақ үйге басып кіргенін хабарлаған болатынбыз.

Одан бөлек, сайлау нәтижелерімен келіспеген наразы жұрт Бішкектегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қақпасын бұзып кіріп, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторындағы қамаудан шығарып алған.

Бұған қол жеткізу Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен келіссөз жүргізгеннен кейін мүмкін болған.

Кейіннен елдің бас прокурорының міндетін атқарушы Алмамбет Шыкмаматов оппозицияның негізгі талабы орындалып – сайлау нәтижелері жойылғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877976-kyrgyzstan-prezidentini-baspasz-hatsysy-zeenbekov-zagdajdy-bakylauda-stap-otyr/