Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы лицензиясынан айырылды

Опубликовано:

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы
Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы. Фото: liter.kz

БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді, кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті.

Белгілі болғандай, жыл бойы Академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті.

"Атамекен" ҰКП жүргізген рейтинг бойынша Академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60 пайызы жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігіне осы университетте "оқыған" шетелдік студенттер де жүгінген болатын. Олар оқудың ақысын төлеген, бірақ іс жүзінде Академияда "оқымаған" болып шықты. Материалдар тиісті құқық қорғау органдарына жіберілген.

"Біз Академия иелері қарсылық танытуы мүмкін екенін түсінеміз. Олар комитеттің шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы. Мемлекет басшысының сапалы білім беруді қамтамасыз етпейтін жоғары оқу орындарын жабу бойынша қойған міндеттерін іске асыруға тиіспіз. Бірінші кезекте, студенттердің сапалы қызмет алу құқықтары мен мүдделерін ескеріп жатырмыз. Оларға алаңдауға еш себептері жоқ.
Білім алушылар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, сондай-ақ ақылы негізде оқығандар үшін де оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап басқа ЖОО ауысуға рұқсат бердік.
Сонымен қатар студенттердің оқу нәтижелері де сақталады және ауысып барған жоғары оқу орнында ескеріледі. Бұған дейін 35 мың студенті бар жоғары оқу орны жабылғанда, барлық студенттерді басқа оқу орнындарына ауыстыру бойынша жұмыс атқарған болатынбыз, яғни мұндай тәжірибе бар.
Профессорлық-оқытушылық құрамды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізілетін болады", – деп атап өтті БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазіргі уақытта М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында 5 мыңнан астам адам оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін.

Бұған дейін Алматыда Халықаралық ақпараттар технологиялық университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбековке қатысты сот үкімі шыққанын хабарлағанбыз.

Дамир Шыныбеков пен аталған оқу орнының бұрынғы бас бухгалтері Жанайым Спабекова мүлкін тәркілеумен бірге, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков қаржыны иемдену немесе талан-таражға салу күдігі бойынша қамауға алынған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878042-kazak-klik-zne-kommunikacialar-akademiasy-licenziasynan-ajyryldy/

pixel