Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

110 мың долларға картина сатып, ақшасын балалар қорына аударған қазақ суретшісі кім

Опубликовано:

Фото
Фото: Түркістан газеті

Сурет өнері арқылы қазақ ру­­ханиятына үлес қосып жүрген Ералы Оспанов 110 мың долларға сатылған картинасының ақшасын балалар қорына аударғанын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Түркістан газетіне сілтеме жасап.

Суретші-график, безендіруші Ералы Оспанов көне гравюралар мен фотосуреттер негізінде жасалған көптеген графикалық туындылар­дың авторы. Оның жұмыстары Қазақстанмен қатар шет елдерде де танылған.

Ол ең қымбат шығармасы Лондонда сатылғанын жеткізді.

"Ең қымбат сатылған шығармам Лон­дондағы Кристи үйінде өткен қайырымдылық аук­ционында өз иесін тапты. "Алпамыс батыр" деген графикам болатын. Шамамен 110 мың долларға сатылды. Содан менің қолыма тигені 6 мың доллар болды. Бұл жұмысымды ұйымдастырушылар Алматыда өткен көр­меде он шақты жұмыстың қатарында сатып алған болатын. Сөйтіп, өзім өмірімде бір сәтте қолыма ұстап көрмеген қомақты қара­жатты қазақстандық мүгедек балалар қорына тапсырдым және мұны шынымды айтсам, мақтаныш тұтамын", - деді суретші.
Фото
Фото: Ералы Оспановтың жеке мұрағаты

Сонымен қатар Оспанов бұл өнерге ел тұрғындарының неліктен қызықпайтыны туралы сөз етті.

"Жалпы, көркемсурет өнері қазаққа сырттан келді ғой, сол себепті халыққа оның керегі шамалы. Айтыс, көкпар болса, ол тіпті бөлек. Әншілер тойдың сәнін келтіреді, сондықтан оларды ел таниды.

Ал суретшілердің бар-жоғы білінбейді. Сурет салып атың шықпақ түгілі бала-шағаңды қарны тоқ, көйлегі көк етіп өсірудің өзі өте қиын. Себебі таза қазақпын деген жандар сурет сатып алып үйіне ілмейді, көбінесе суретке "шалақазақтар" қызығады. Менің сатылған суреттерім тек солардың еншісінде, ал енді осындай мықты суретшіміз бар деп мақтанған қандастарым бірде-бір суретімді сатып алған емес.

Тіпті, графика, салт-дәстүрлер жайындағы кітабымды зорға сатып алады, онда да көбінше сыйлауға деп ойлаймын. Себебі арзан, есесіне көзге ерекше көрінеді. Жалпы театр, кино, цирк секілді көр­кемсурет өнері де қазақ мәдениетінің өгей баласы ғой, аты бар да, заты жоқ. Егер батыс мәдениетіне тәнті, өзге тілде сөйлейтін қазақтар болмаса, менмін деген, бетке ұстар суретшілеріміз баяғыда далада қалар еді. Мұны осы саласының ішінде жүрген соң анық білемін", - деп ашынды өнер иесі.

Фото
Фото: Түркістан

Еске сала кетсек, осыған дейін норвегиялық суретші ананың өмірін шынайы бейнелей алғанының арқасында жұрттың ерекше сүйіспеншілігіне бөленгенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878305-ospanov-110-my-dollarga-satylgan-kartinamny-aksasyn-balalar-koryna-audardym/

pixel