RU

Шілдеден бері карантин ережесін бұзғандарға 900 млн теңгеге жуық айыппұл салынған

Коронавирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шілде айынан бастап құқық қорғау органдары санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзғандарға 895 млн теңге айыппұл салып, 16 мыңдай әкімшілік хаттама толтырған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Coronavirus2020 telegram арнасының хабарлауынша, статистикалық деректерге сәйкес, 5 шілдеден бастап Алматы, Түркістан және Қостанай облыстарының тұрғындары карантин ережелерін сақтамағаны үшін жауапқа жиі тартылған.

Дәл осы өңірлер ереже бұзу бойынша үштікке енген. Алматыда 3837, Түркістан облысында 2974, Қостанай облысында 1323 әкімшілік хаттама толтырылған.

Ел бойынша жалпы толтырылған хаттама саны - 15 817.

Осы уақыт аралығында қазақстандықтарға 894,8 млн теңгеге айыппұл салынған.

Оның 307,4 млн теңгесін мемлекетке жеке тұлғалар төлеген.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында карантин тәртібін сақтауды бақылау мен мониторинг бойынша шаралар күшейтілетінін хабарлаған едік.

Әкімдікте қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен COVID-19-дың екінші толқынына дайындық және мобильді топтар жұмысы талқыланды.

Президенттің коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы тапсырмасы аясында елордада карантин шараларының сақталуына мониторинг және бақылау жөніндегі шараларды күшейту туралы тапсырма берілген.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанға келетін жолаушыларға жаңа талаптар енгізілгенін хабарлаған едік.

Сонымен бірге, шекара қызметі Қазақстан шекарасынан кімдердің өте алатынын айтып берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878965-sildeden-beri-karantin-erezesin-bzgandarga-900-mln-tegege-zuyk-ajyppl-salyngan/