"Ернар Айдардың былығы сабақ болуы керек": Педагог сауатсыз блогерлерді сынға алды
Опубликовано:

Математика пәні мұғалімдері ассоцияциясының вице-президенті Бақнұр Зиябеков Instagram-дағы жеке парақшасында қазіргі блогерлерды сынға алды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
"Күнделікті стористерінде түсіретіндері қымбат өмір, саяхат, бағалы сыйлықтар, ең соңғы көліктер. Оның артында не тұрғаны, ақшаны қалай ставка қоюшыларды жарнамалап немесе адамдардың сенгіштігіне басып, гив деген бәлені ұйымдастыру арқылы тапқаны жайында тіс жармайды.
Осының бәріне әлі санасы қатаймаған жастар телміріп, алтын уақытын жоғалтып жатыр. Олардың зейіні білімде емес, оңай ақша мен болмашы мақтаншақтардың өмірінде. Өйткені ол адамдардың әлсіз жері. Соны білетін блогерлер жас балаларды білімге емес ставкаға әуес қылып, еңбекке емес тегін сыйлыққа үмітті етіп, абырой үшін емес бір реттік шу үшін әрекет етуді үйретіп жатыр", - дейді Зиябеков.
Он жыл бала тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаз ұрпақ болашағы үшін дабыл қағу керек деген пікір жазды.
"Ал біз қарапайым халық осы кезде дабыл қағуымыз керек. Өйткені, санасыз ұрпақ өсіп келеді. Олардың миын сауатсыз блогерлер арзан ойын-күлкі, тегін сыйлық, азартты ойындар, кәсіби білімсіз де болашақ "жарқын" болады деген жалған ақпараттарымен улап жатыр", - деді ол.
Білім саласында тоқырау екенін айтқан педагог, қазіргі үрдіс келеңсіз жайттарға алып келуі мүмкін деп қауіптенеді.
"Адами капитал дегенің тиын болып қалды. Көптеген жастар қара жұмыс істеу үшін Оңтүстік Корея, АҚШ, Еуропа, Оңтүстік шығыс Азия елдеріне кетіп жатыр. Әрине, ол күнкөрістің қамы. Бірақ бізге қара жұмысшы емес нағыз мықты кадрлар керек. Ол үшін тіл үйреніп, 9 сыныптан бастап болашағы жайлы ойланып, оқу орнын таңдау керек. "Кітап оқыған озар" дейді дана халқымыз. Осыны қайта-қайта айтып, оқымағанның қалай тозып кеткенін анық көрсетуіміз керек. Әйтпесе, көпшілік блогер болып, білімі бар адамдардың аз екенін көретін күн алыс емес".
Зиябековтың айтуынша, басты қауіп – уақыттың жоғалуында. Балалардың алтын қазынасы, білім алатын шағы, осы блогерлердің парақшасын, өмірін аңдумен өтуде.
"Ал, сол миллиондаған аудитория жинап, жөн-жосықсыз контент салатын блогерлер еліктегіш адамдардың басты қазынасы – уақытын ұрлап отыр. Ешбір ресми орган, министрлік, құзырлы мекеме Қазақстанның болашағы – балалардың бойына қандай ақпарат сіңіріп, нендей дүниені қызықтайтыны, кімге еліктеп, кімнің іс-әрекетін қайталап жүргені мазаламайды", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880054-ernar-ajdardy-bylygy-sabak-boluy-kerek-pedagog-sauatsyz-blogerlerdi-synga-aldy/