Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлеуметтік жұмыс сауапты іске жол ашты

Опубликовано:

Гүлнұр Сәбдин
Фото: Гүлнұр Сәбдинаның жеке мұрағатынан

Қазір Алматыда тұратын Гүлнұр Сабдина – сүйікті ісімен айналысатын бақытты адамдардың бірі. Бүгінде, кейіпкеріміз, мұқтаж отбасыларға баспаналы болуға көмектесетін қайырымдылық қорында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Бұған, ол, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының арқасында қол жеткізіп отыр.

Гүлнұр Солтүстік Қазақстан облысында туып, сол жақта 18 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Алайда, осыдан екі жыл бұрын, жолдасы екеуі аталған өңірдегі Уәлиханов ауданында орналасқан Кішкенекөл ауылынан отбасымен Алматыға көшіп баруға бел байлайды.

Басқа қалаға қоныс аудару ерлі-зайыптылар үшін оңай соқпағаны түсінікті, әрине. Алайда, бұл қадамға олар, балаларының болашағы үшін барған. Әрбір ата-ананың өсіп келе жатқан перзенттерінің аман-есен мектепті бітіріп, жақсы жоғарғы оқу орнына түскенін қалайтыны анық.

«Алматы – үлкен қала. Балалар үшін бұл жерде мүмкіндік те көбірек. Біз олардың қасында болғымыз келді. Оның үстіне жолдасым екеумізді жергілікті мешітке қарасты қайырымдылық қорына жұмысқа шақырды. Мені ұзақ жылдар бойы тиісті салада жұмыс істегендіктен, әлеуметтік қызметкер ретінде алса, күйеуімді психолог болып орналасты. Себебі, көптеген жандар материалдық көмектен бөлек, психологиялық кеңеске зәру. Осылайша жаңа өміріміз басталды», - деп еске алады Гүлнұр Сабдина.
Гүлнұр Сәбдин
Фото: Гүлнұр Сәбдинаның жеке мұрағатынан

Алматы орталық мешітінің жанындағы қорда бір жыл жұмыс істеген кейіпкеріміз, кейін «Asar-ume» қайырымдылық қорына ерікті болып кіреді. Адамдарға қол ұшын созып, сауапты іс атқаруға септігін тигізетін жаңа жұмыс Гүлнұрдың жанын жадыратып, алға жетелей түсті.

2020 жылы аталмыш ұйымның штаты кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Сол кезде Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығына жүгінген келіншек, «Еңбек» бағдарламасы аясында қоғамдық жұмыстарға жолдама алды. Уақыт өте келе, Гүлнұр тұрақты жұмысқа қабылданды.

«Жұмыс іздеп жүрген әр адам үшін бұл мемлекет тарапынан жақсы көмек болады деп ойлаймын. Бағдарламаға қатыса келе, мен сияқты тұрақты жұмысқа тұрып кетуге әбден мүмкіндік бар. Сондай-ақ, өзімді бақытты сездіретін іспен шұғылданып жүргеніме шексіз қуаныштымын», - дейді Гүлнұр Сабдина.

Айта кетейік, жұмыспен қамту орталықтары, екі қолға бір күрек таппай қиналғандарды уақытша болсын күнкөріспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруда. Ең бастысы, олар айналаға пайдалы іспен шұғылданып, кәсіби дағды талап етілмейді. Бағдарлама бойынша уақытша жұмыс бір жылдан артық емес мерзімге созылады.

Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыз жүргендер, студенттер, жоғарғы сынып оқушылары (16 жастан бастап), Гүлнұр Сабдина сияқты ұзақ уақыт жұмыстан қол үзгендер қатыса алады.

Гүлнұр Сабдина, «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмысқа тартылғанда, ай сайын 85 мың теңге жалақы алып отырған.

«Меніңше, бұл қысылтаяң сәтті таптырмас қолдау. Еш жерде жұмыс істемей, ақша таппай, үнемі қаржы тапшылығын сезініп жүргеннің несі жақсы? Шыны керек, барлығы адамның өзіне байланысты. Егер уақытша жұмыста ол өзін жақсы маман ретінде көрсетсе, елеусіз қалмайтыны даусыз», - дейді ол өз басынан өткергенін еске ала.

Кейіпкеріміздің бүгінде жұмыс істеп жатқан мекемесі қиын жағдайға тап болған мұқтаж отбасыларға баспаналы болуға көмектеседі.

«Менің міндетім – мұқтаж жанұяларды табу. Олармен сөйлесіп, жағдайларының қаншалықты ауыр екенін білемін. Нәтижесінде олардың оқиғасын біздің комиссияның назарына ұсынамын. Құжаттар толық жиналып болған соң, комиссия оларға арнайы барады. Мұқтаж отбасының өмір сүру деңгейін зерттеп, үй кезегіне тіркейді. Одан кейін әлеуметтік желі арқылы жылу жинау қолға алынады. Жиналған қаржыға мұқтаж жандарға пәтер немесе үй сатып алынады» , - деп әңгімелейді Гүлнұр.

Гүлнұр Сабдина күнделікті жұмыс барысында түрлі қиын жағдайда қалған отбасыларға тап болатынын жасырмайды. Кейде қорға мұқтаж жандардың өздері немесе олардың туыстары, көршілері немесе еріктілер жүгінеді.

«Бізге келетін отбасылардың әрқайсысының жағдайы күрделі, қиын. Оларға қарап, жүрегің ауырады. Көпбалалы, ауыр дертке шалдыққан немесе мүгедек балалары бар, тұрмысы нашар отбасылар көп. Арқасүйері жолдасы, тіреуі жоқ жесір әйелдер жолығады. Ешбір оқиға бей-жай қалдырмайды», - деді әйел адам.

Сонымен қатар, Гүлнұр, өзінің бұрынғы мемлекеттік қызметтегі жұмыс орнын да ерекше жылулықпен еске алады.

«Ең бастысы ол кезде де, қазір де әлеуметтік жұмыс арқылы қал-қадірінше сауапты істерді тындыруға күш салудамын. Әрине, адамдар алғыс айтумен болады. Бірақ, мен ол үшін жұмыс істемеймін. Бәрінен бұрын жан-жүрегім тартып тұратын сүйікті ісіммен айналысамын», - дейді қоштасарда Гүлнұр Сабдина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880457-leumettik-zmys-sauapty-iske-zol-asty/

pixel