Блок-бекеттегі жол апаты: Сотталған экс-полицей 66 млн теңге төлеуге міндеттелді
Опубликовано:

Алматы блок-бекетінде болған жол апатына кінәлі экс-полицей Азат Азаматов 66 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сотталушы жәбірленуші Динара Аманға (Дастан Әбдіқановтың жұбайы-ред) 1 млн теңге моральді шығын және баласы 18 жасқа толғанға дейін 36 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Сондай-ақ, марқұм полицейдің әкесіне 1 млн теңге моральді шығын және 2,8 млн теңге материалды шығын өтеуі тиіс.
Ал қайтыс болған екінші полицейдің жұбайына Азаматов 5 млн теңге моральді шығын және үш баласы 18 жасқа толғанға дейін 15 млн теңге төлеуге міндетті.
Сонымен бірге, экс-полицей Алматы полиция департаментіне келтірілген материалды залал үшін (сынған полиция көлігі) 5,4 млн теңге төлеуі қажет.
Еске сала кетейік, бүгін Алматыдағы блок-бекетте болған жантүршігерлік жол апатына қатысты айыпталған экс-полицей кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
"1994 жылы дүниеге келген Азаматовты кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік колониясында 10 жылға бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын",- деді судья Мади Көшікбаев.
Сот шешіміне сәйкес, Азат Азаматов абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды.
Азаматовтың өзі сотқа қатысқан жоқ. Судья оның үкімді изоляторда видеоконференция арқылы тыңдап отырғанын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880497-blok-bekettegi-zol-apaty-sottalgan-eks-policej-66-mln-tege-tleuge-mindetteldi/