"Көп нәрсе үйретті": "Келінжан" жұлдызы ауыл өмірі мен енелер жайлы ағынан жарылды
Жарияланған күні:
Белгілі қазақстандық кинопродюсер Гүлнұр Мамасарипованың «Келінжан» телехикаясы қазақ аудиториясында жоғары сұранысқа ие болды. Сериалдағы келіндердің тағдыры қазақ қыз-келіншектерін бей-жай қалдырмады, тіпті көзіне жас алғызды. Кино және театр әртісі, телехикаядағы «Балқияны» сомдаған Нұргүл Мыңғатова KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, телетуындының көпшіліктің көңілінен шығуының сырын айтты.
Нұргүл, бүгінгі сұхбат сіздің телехикаядағы рөліңіз жайлы болмақ. Сізді көрермен көгілдір экран арқылы жақсы танып алды. Сізге бұл роль қалай бұйырды?
Иә, оның алдында мен түскен фильм, телехикаялардың өз көрермендері болды. Толықметражды фильмнің кішкентай ғана эпизоды арқылы да мені көшеде танып жатты. «Келінжан» телехикаясының режиссері Ернар Нұрғалиев менің шығармашылығыммен бірнеше жыл бұрын "АйТи-молодец" сериалының монтажын жасап жатқан кезде танысқан. Содан кейін ол кісі менімен жұмыс жасай бастады.
Жалпы телехикая халықтың көңілінен шықты. Өйткені онда ауылдың қарапайым тіршілігі көрсетіледі. Ене мен келін тақырыбы ешқашан бітпейді. Оны әркім әрқалай көрсетеді. Бұл жерде үш келін бір шаңырақ астында тұрса да тағдырлары, мінездері бөлек. Болып жатқан оқиғалар да әр түрлі. Қандай жағдай болмасын, үш ағайынды жігіттер бір-біріне қолдау көрсетеді. Мұндай жағдай көп отбасында кездеседі.
Байқасаңыздар режиссердің түсірген картиналары өте қарапайым, телехикаяның бірінші маусымында кадрдың бояуы бөлек. Сұр, қоңырқай түстер басым. Киімдеріміздің бәрі күзге орайластырылған.
Кейбіреулер: «Неге ауылды сондай жұпыны қылып көрсетесіздер? Біз галошпен жүрмейміз, халаттың ішінен қалың жемпір кимейміз», - деп айтып жатады. Ол – өтірік. Мен өзім қаланың түбіндегі анамның жер үйіне барғанымда аяғыма жылы шұлық пен галош киіп аламын, халат, ішінен жылы кеудеше киемін. Өйткені атмосфера сондай. Сен ол жерде қаладағыдай пижамаңды немесе әдемі көйлегіңді киіп жүре алмайсың. Зәулім үйде тұрса да, үйінде жағдайы болса да, аулаға шығасың, ауланың қара жұмысы бар. Бәрібір істейсің.
Ауылда телефон желісі ұстамайтын жер көп. Маған: «Барлық жерде телефон желісі бар, неге басқаша етіп көрсетесіздер?», - дейді. Ол да өтірік. Тіпті менің үйімде де байланыс барлық жерде бірдей жақсы емес. Шындық. Соның бәрін режиссер көрсеткен. Сонысымен де баурап алды.
«Келінжандағы» Балқияның өмірде прототипі бар ма? Сіздің мінезіңіз кейіпкерге ұқсай ма?
Өз жеңгелерім, келіндерім бар. Олардың өміріне қарап отырып, әрқайсысында жеке-жеке саясат барын көресің. Әркімнің өз ойы бар, кейде бір-бірімен келіспей қалады, кейде бір-бірін қолдайды, қызғанады. Соның бәрін бақылаймын. Маған характерлер керек. Жеңгелердің қылықтарын өзіме түртіп алып жүремін. Жалпы Балқияның мінезі өз болмысымда да бар. Мүмкін өз бойымнан шыққаннан кейін телехикаяда шынайылық бар шығар.
Қазақта келінге айтылатын ырым-тыйымдар көп, жалпы келінді қалай ұстау керек деп ойлайсыз?
«Баланы жастан, қатынды бастан» деген қазақтың сөзі бар. Мен келінді құл қылып ұстауға, оған дөрекі сөйлеуге болады демеймін. Келінге бағыт-бағдар беретін үлкен кісілер. Келген кезде ақылын айтып, дұрыс жолын көрсетіп жіберуі тиіс. Екінші жағынан келінді бос жіберуге де болмайды. Өйткені ол да біреудің ерке қызы. Менің ойымша өз үйінен жақсы тәрбие алып шыққан қыз ертең жақсы келін бола алады. Келіннің жақсы болуы қабылдап алатын енеге де байланысты.
Келінжандағы ененің образы ұнай ма?
Иә, маған қатты ұнайды. Өйткені ол кісіде жүрек бар. Ол - әділетті, келіндерін бөліп-жармайтын, өзін жақсы ұстай білетін ене. Артық кеткен адамды орнына қоюды біледі. Енелер сондай болса екен деп тілеймін. Меніңше, жаңа түскен келін сол отбасының табиғатына, жүйесіне бағыну керек. Ене бағындыра білу керек. Еркелететін жерінде еркелетіп, сөзін сөйлейтін жерде келініне жақтаса білуі тиіс. Бәрі - психология. Оңай емес, оған мінез де, жүрек те керек. Әйтпесе кейбір енелер келіні кетіп қалады деп қорқып, үндемейді. Келін ақымақ болса баласын алып кетеді де қалады. Есі болса енесінің айтқанынан жақсысын алып, жаманын тыңдамайды.
Телехикая желісі бойынша жұбайыңыз сізге сатқындық жасады, сіз оны кешірдіңіз. Ал өмірде сіз ер адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
Маған ер адамның көп сөйлегені ұнамайды. Қысқа-нұсқа, қас-қабағымен ғана сыйлата білетін ер адамдарды жоғары бағалаймын. Әйелінің жұмысына кірісе бермейтін, салмақты, сатқындық жасамайтын болса оны нағыз ер дер едім.
Сатқындық, менің ойымша, сені жарты жолда тастап кету. Қанша жыл қол ұстасып келе жатып, өзіне ыңғайлы уақытта кетіп қалатын ер адамдарды кешіруге болмайды. Ал телехикаядағы Мәдөштің қылықтарын кешіре салуға болады. Өйткені ол шалыс басса да, үйінен кету туралы мүлде ойлаған жоқ, өзінің қатесін мойындады.
Маған көп хат келеді. «Менің де басымнан өтті, сізбен бірге жыладым» деп жазған келіншектер жеткілікті. Қаншама әйелдің басынан осындай оқиға болып өткен. Балқияны сол үшін көп әйел қолдайды.
Бәлкім өз басымнан өтпегеннен кейін білмейтін де шығармын. Мына жерде ақыл айтып отырғандай болмайын. Бірақ бұл кинодағы образым маған көп нәрсені үйретті. Адамды жақсы көрсең отбасыңды сақтап қалу үшін бәріне барасың. Әйел адамның даналығы да сонда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880707-kp-nrse-jretti-kelinzan-zldyzy-auyl-miri-men-eneler-zajly-agynan-zaryldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.