COVID-19: Ақтөбедегі қоймадан емдеуге қажетті ең негізгі дәрі табылмады
Жарияланған күні:
Президент тапсырмасына орындаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттік өкілдері дәрі қоймаларын аралап жүр. Агенттік төрағасының тапсырмасын алған арнайы топ қоғам өкілдерімен бірге Ақтөбеде орналасқан батыс өңірлеріндегі жалғыз қоймаға келді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
«Мемлекет басшысы індеттің екінші толқынына дайын болу үшін қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды. Жақында ғана «СК-Формация» басшысы әрбір қоймада екі айға жететін қордың бар екенін хабарлады.
Өкінішке орай, Ақтөбе облысындағы қоймада COVID-19 инфекциясын емдеуге пайдаланылатын ең негізгі екі дәрінің тек біреуін ғана таптық. Дәрі таратылған кезде бірден тапсырыс жасалып, орны толып тұру керек. Екі айлық қор таусылмауға тиіс. Кетті, келді. Жағдай ушыққан жағдайда дәрі таратылатын болса, мемлекеттік сатып алуды жасау, дәрінің келу мерзімі уақыт алуы мүмкін. Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алуға тиіспіз.
Қазір COVID-19 инфекциясына қарсы дәрі қорын реттеп алуымыз керек. Бірінші толқын кезінде қоғам өкілдерімен бірге агенттік тарапынан 4000- нан аса дәріханалар мен 400 - ден аса қоймалар тексерілді. Ол кезде белгілі бір дәрілердің жетіспеуі, бар дәрінің ауруханаларға дер кезінде жетпеуі секілді қиындықтар болды»,- дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігінің өкілі Расул Медетов.
Шақыртусыз келген топты көрген қойма басшысы өңірде қанша дәрі қорының бар екенін де айта алмай састы. Агенттік өкілдері атаған індетке қарсы қолданылатын «фавипирави́р» дәрісін қоймадан таппай әбігерге түсті.
«Екінші толқынға дайынбыз. Дәрілер емдеу мекемелерінің сұранысымен таратылды. Аталған дәрі тек жансақтау бөлімінде қолданылады. Оларға үлкен қор керек емес»,- дейді «СК-Фармация» Ақтөбе облысындағы басшысы Нұрлан Жұбанышев.
Агенттік өкілдері қоймадағы жайды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетінін хабарлады. Жоқ дәрілердің орнын толтыруы қажеттігін ескертті.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустың екінші толқынына қалай дайындалып жатқанын хабарлаған едік.
Алексей Цойдың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде коронавирустың мүмкін болған екінші толқынына дайындық мақсатында қоймаларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталуда.
Ал соңғы деректерге сәйкес, елімізде коронавирус жұқтырған 109 766 науқас тіркелген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880798-covid-19-aktbedegi-kojmadan-emdeuge-kazetti-e-negizgi-dri-tabylmady/