Қазақстанда COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге берілетін төлем тоқтатылды
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі ОКҚ өткен онлайн-брифингте жұмыс орнында коронавирус жұқтырған ақ халаттыларға берілетін бірреттік төлемнің тоқтайтынын хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Марат Шорановтың сөзінше, 20 қазаннан бастап медициналық қызметкерлерге берілетін әлеуметтік төлемге өтінш қабылдау тоқтатылған.
"20 қазанда ведомствоаралық комиссияның отырысы болып, онда қазіргі кезде жасалған барлық жағдайларды ескере отырып, медициналық қызметкерлерге бір реттік әлеуметтік төлемдерді төлеуді тоқтату туралы шешім қабылданды", - деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін коронавирус немесе вирусты пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген болатын.
Оның сөзінше, пандемия басталғалы бері барлық медицина қызметкерлері жеке қораныш заттары мен дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Санитарлық-эпидемиологиялық режим нормаларын сақтау үйретілген.
"Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы мен сырқаттанушылықтың төмендеуін ескере отырып, бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы ауруы қолайсыз және ауруханаішілік инфекция ретінде қарастырылуы керек деп есептеледі", - деді маман.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта төлем алуға құқылы медицина қызметкерлерінің 421-іне ғана ақша аударылған жоқ. Оларға қатысты мәселе өңірлік комиссия деңгейінде рәсімделіп жатыр. Төлем осы аптаның соңына дейін беріледі.
"Жұмыс барысында ауырып қалған жағдайда алдағы уақытта қолдау шаралары медициналық ұйымдардың немесе кәсіподақ ұйымдарының не жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен көрсетілетін болады.
Бұл медицина ұйымдарының басшыларын өзінің медициналық қызметкерлерін жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етуге, санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуына бақылау жасауға ынталандыратын болад", - деді Марат Шоранов.
Шоранов коронавирустан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің туыстары 10 млн теңге көлемінде төлем алғандарын атап өтті.
Айта кетейік, бұл ережелер коронавирус жұқтырғандармен қоса, осы аурудан қайтыс болғандарға да қатысты болмақ.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустың екінші толқынына қалай дайындалып жатқанын хабарлаған едік.
Алексей Цойдың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде коронавирустың мүмкін болған екінші толқынына дайындық мақсатында қоймаларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталуда.
Ал соңғы деректерге сәйкес, елімізде коронавирус жұқтырған 109 766 науқас тіркелген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880809-kazakstanda-covid-19-zktyrgan-drigerlerge-beriletin-tlem-toktatyldy/