RU

Шымкентте 25 жастағы әйеліне талақ берген медресе ұстазы туралы белгілі болды

Талақ алған әйел
Скриншот: Youtube/Астарлы ақиқат

Шымкентте 25 жастағы келіншегін қорлап, талақ берген медресе ұстазына қатысты тың ақпарат шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Екі баласы бар Нұргүл Сейтмахамбет есімді келіншек өзінің бұрынғы күйеуі мен қайын атасын "Астарлы ақиқат" бағдарламасында медресе ұстаздары ретінде таныстырған болатын.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне Нұргүл Сейтмахамбетке талақ берген Есей Сәлімбай Амангелдіұлы мен оның әкесі Амангелді Шораұлының ҚМДБ штатында қызмет атқармайтынын мәлімдеді.

Мүфтияттың баспасөз қызметі аталған адамдарды медресе ұстаздары деп айтуға негіз жоқ екенін жеткізді.

«Аталған бағдарламада айтылған Шымкент қаласындағы «Қамар» және «Тассай» мекемелері «Алшаң Жібек жолы» қайырымдылық қорлардың ассоциациясына қарасты және оларды медресе ұстаздары деп атау негізсіз.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Сарыағаш» медресе-колледжінде Есей Сәлімбай Амангелдіұлы есімді тұлға қызмет атқармаған.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми оқу орындарына қатысы жоқ мекемелердің қызметкерлерін ҚМДБ медресе ұстаздары деп қабылдамауды сұраймыз», - деп жазады мүфтият.

Еске сала кетейік, Нұргүл Сейтмахамбет есімді келіншек өздерін дінтанушы және медресе ұстаздары ретінде таныстырған бұрынғы күйеуі Есей Сәлімбай Амангелдіұлы мен оның әкесі Амангелді Шораұлынан көрген қорлығын және зардабын ашып айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880893-symkentte-25-zastagy-jeline-talak-bergen-medrese-stazy-turaly-belgili-boldy/