Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қандай жағдай жасалуда?

Опубликовано:

Мүгедектігі бар жандарға арналған жаңа жұмыс орындары мен кәсіптер Атласы
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Мүгедектігі бар жандарға арналған жаңа жұмыс орындары мен «Мамандықтар атласы», әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру, әлеуметтік қызмет көрсету және оңалту жүйелерін модернизациялау – бұл шаралар Қазақстандағы мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарға енгізілген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоғарыда көрсетілген Ұлттық жоспар шеңберінде 4 бағытты іске асырады: "экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту", "әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту", "әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру" және "кешенді қолжетімділік пен кедергісіз орта".

Бірінші бағыт бойынша Министрлік таяу жылдары мүгедектігі бар 30 мың адамды қосымша жұмыспен қамти отырып, олардың үлесін еңбекке қабілетті жастағы адамдар санынан кем дегенде 30%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Іске асырылып жатқан шаралардың бірі - "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, осы бағдарлама аясында 16,3 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылып, 2,2 мыңнан астамы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылған және 1 236 қайтарымсыз грант пен 672 микрокредит берілді.

Мүгедектігі бар жандарды сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде ІТ саласында оқыту бойынша шаралар қабылдануда. Айрықша қажеттіліктері бар адамдар жұмылдырылған қаржылай емес қолдау жобалары ұйымдастырылып жатыр: олар - акселерация, масштабтау, бизнес-тәлімгерлік және өзге де. Сондай-ақ, қазан айында мүгедектігі бар тұлғаларға арналған «Мамандықтар атласын» әзірлеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

Екінші бағыт аясында 2020 жылдың қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның ерекшелігі - рейтингісін, өзге пайдаланушылардың пікірін, құны мен сапасын ескере отырып, оңалту құралдары мен қызметтерін дербес таңдау мүмкіндігінде.

м
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Бүгінде Порталға мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдары (бұдан әрі – ОТҚ) мен арнаулы әлеуметтік және оңалту қызметтерін жеткізушілердің 83%-ы тіркеліп, жеке іріктеуді талап етпейтін ОТҚ 55 түрінің 24-і сатып алынады.

Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап порталда жеке көмекшілер мен ым-ишара тілі мамандарының қызметіне тапсырыс беру, сондай-ақ шипажай-курорттық емделу үшін ұйымды таңдау бойынша арнайы функционал пилоттық режимде іске қосылатын болады.

2021 жылдың қаңтарынан бастап жеке іріктеуді талап ететін ОТҚ-ның тағы 31 түрі қолжетімді болады. Ал бұған дейін портал арқылы 19 мыңнан астам ОТҚ берілген.

Министрлік БҰҰДБ мен ЮНИСЕФ-тің қолдауымен әлеуметтік қызметтердің интеграцияланған моделін енгізуде. Әлеуметтік салада Волонтерлік қызметті ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атап өткендей, Қазақстандағы білікті әлеуметтік қызметкерлердің тапшылығы көбіне олардың қауырт және қарқынды еңбегіне сәйкес келмейтін жалақының төмендігімен байланысты.

«2020 жылдың басынан бастап Үкіметтің қолдауымен 25 мыңнан астам әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы өскеніне және қосымша төлемдер (психоэмоционалдық және физикалық жүктеме үшін 15-тен 60%-ға дейін) белгіленгеніне қарамастан, осы саладағы жалақы Денсаулық сақтау және білім беру жүйелеріндегі жалақы деңгейімен салыстырғанда 20-30%-ға төмен болып қалуда. Сондықтан министрлік Үкіметке әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен ұлғайту және оны денсаулық сақтау мен білім беру салалары деңгейіне дейін жеткізу мәселесін қарау жөнінде кешенді ұсыныстар енгізді», – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері.

Тамыз айында әлеуметтік қызметкерлердің Этикалық кодексі ведомстволық бұйрықпен бекітілді, ал осы саладағы барлық құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қатынастар әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте қаралатын болады.

Мүгедек
Фото: pixabay.com

ЮНИСЕФ пен Елбасы Қорының қолдауымен 11 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерлерді тестілеу және оқыту жоспарланған, соның ішінде балалар медициналық-әлеуметтік мекемелерінің қызметкерлеріне ерекше назар аударылатын болады.

«Үшінші бағыт – «әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру» - көлемі жыл сайын артып келе жатқан белсенді мемлекеттік қолдауды талап етеді. Жалпы, Үкімет қолдауының арқасында биыл әлеуметтік төлемдерге арналған қаражат көлемі 10%-ға артты (315-тен 347 млрд теңгеге дейін)», – деп нақтылады министрлікте.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмасын іске асыру шеңберінде ОТҚ қамтамасыз ету және қызметтерді қаржыландыру 16%-ға (85,5-тен 101 млрд теңгеге дейін) ұлғайған. Бұл мақсаттарға 2020-2022 жылдарға арналған бюджеттен 53 млрд теңге бөлінген, қаражат ең алдымен 400 мыңнан астам мүгедектігі бар адамды, оның ішінде балаларды ОТҚ-мен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

«Естуші мемлекет» концепциясы аясында министрлік қоғамдық ұйымдар мен басқа да мүдделі тараптардан жинаған ұсыныстар негізінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге 30-дан астам түзетулер енгізілген.

Осы өзгерістердің бірі жеке көмекшілердің жағдайы мен еңбек ақысына қатысты. Атап айтар болсақ, олардың қызметі үшін еңбекақы төлеудің бірыңғай тәртібі енгізілді (сағатына 358 теңге); сондай-ақ, есеп беру жеңілдетілді; АИТВ (Адамның иммун тапшылығы вирусы) ауруына шалдыққандар – қызмет көрсетуге қарсы көрсеткіш ретінде қарастырылмайтын болды және бұдан басқа да өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап мүгедектерге арналған санаторий-курорттық емдеу мерзімі – жылына кемінде 14 күн деп белгіленді. Мүгедектігі бар балаларды оңалту жүйесін жетілдіру бойынша заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді.

Аймақтарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және МЖӘ механизмдерін қолдану есебінен жеке әлеуметтік оңалту орталықтары ашылуда.

Биыл осындай орталықтардың 12-сі құрылды. Сондай-ақ, 2021-2023 жылдары 8 облыс пен қалаларда (Ақмола, Ақтөбе, Алматы облыстары, БҚО, ШҚО, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент) 150 орындық әлеуметтік оңалту орталықтарын салу жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880937-kazakstanda-mgedektigi-bar-zandardy-mir-sru-sapasyn-zaksartu-sin-kandaj-zagdaj-zasaluda/

pixel