RU

Отанына оралатын қазақстандықтарды енді ПТР анықтамасыз рейске жібермейді

Әуежай
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Халықаралық әуе рейстерімен келетін қазақстандық жолаушыларға қосымша карантиндік шектеулер енгізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов жаңа талапты түсіндіріп берді.

"Осы жылдың 26 қазанынан бастап Қазақстанға халықаралық әуе рейстерімен келетін барлық жолаушыларда, оның ішінде Қазақстан азаматтарында мемлекеттік шекараны кесіп өткенге дейін 72 сағаттан артық емес уақытта ПТР әдісімен COVID-19-ға арналған тесттен өткені туралы анықтама болуы керек", - деді ол.

Байғабыловтың сөзінше, 5 жасқа дейінгі балалар ПТР анықтамасынан босатылады.

Санитар дәрігер шетелге баруды жоспарлап немесе қазір өзге елде жүрген қазақстандықтар осы талапты ескеруі қажет.

Еске сала кетсек, бұған дейін еліміз 26 қазаннан бастап коронавирусқа қатысты жағдай нашар елдермен әуе рейстерін қысқартатынын хабарлаған едік.

Кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті халықаралық рейстер саны қалай қысқаратынын түсіндіріп берген болатын.

Мәселен Біріккен Араб Әмірліктеріне және кері рейстерді аптасына 8 рейске, Беларусь еліне ұшу және кері қайту бойынша бес рейске, Германияға екі рейске қысқарту туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар елімізде ПТР тест бағасының 9 мың теңгеге арзандағанын жазған болатынбыз. Сәуір айында жеке клиникалардағы ПТР тестілеу құны 20 000 теңге болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880974-ue-rejsterimen-keletin-kazakstandyktarga-kosymsa-sekteuler-engizilmek/