RU

Асхат Садырбай Ұлттық кеңесте қазақ тіліне немқұрайлы қарайтын органдар туралы айтты

Асхат Садырбай2
Фото: instagram.com/sadyrbayaskhat

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кеңес мүшесі Асхат Садырбай кейбір мемлекеттік органдар интернет сайттарының қазақша нұсқаларына басымдық бермейтінін атап өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар интернет сайттарының қазақша нұсқаларына басымдық бермейтінін, тіпті, әлеуметтік желілердегі парақшаларында да қазақша жазуға келгенде құлықты емес екенін көп байқап жүрміз. Кейбір мемлекеттік органдардың домендік атауы мемлекеттік тілде жазылмаған", - дейді Садырбай.

Журналистің сөзінше, еліміздегі әртүрлі ірі халықаралық және жергілікті компаниялардың сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында да мемлекеттік тілге жеткілікті көңіл бөлінбеген.

Осы орайда ол интернетке, әртүрлі ақпараттық технологияларға, гаджеттерге тәуелділікті ескере отырып, бұл ерекше көңіл бөлетін жағдай екенін атап өтті.

"Бұл мәселені интернетте "Qazaqsha Jaz" жастар қозғалысының да көтеріп, белсенділік танытып жүргенін атағым келеді. Сондықтан, интернеттегі тіл мәселесіне көңіл бөлініп, мемлекеттік тілге қатысты талап қойылып, әлгі сайттар мемлекеттік тілде де жұмыс істесе тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейіп, ана тіліміздің дамуына үлкен оң әсерін берер еді", - дейді кеңес мүшесі.

Еске сала кетсек, Асхат Садырбай бұған дейін той-томалақтарда ұлттық салт-дәстүрлерді мазақ етіп жүргендерге шүйліккен еді.

Сондай-ақ ол коронавирус жұқтырғандарға кеңес берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881014-ashat-sadyrbaj-lttyk-keeste-kazak-tiline-nemkrajly-karajtyn-organdar-turaly-ajtty/