RU

Теміртауда зауыттан шыққан қою түтін тұрғындардың зәресін ұшырды (фото, видео)

Теміртау түтін
Фото: instagram.com/temirtau.times

22 қазанда Теміртау аспанын қою түтін басты. АрселорМиталл Термітау компаниясының кокс-химиялық зауыты жағынан көтерілген түтін жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырған. Компанияның баспасөз қызметі аталған жайтқа пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрлардан АМТ зауытының үстінде қою түтін тұрғанын көруге болады. Желі қолданушыларының көбісі зауытта жарылыс болған деген болжам жасады.

"Зауыттан жарылыс болғандай қатты дауыс естідік. Ешкім зардап шекпесе болғаны", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Ал кейбіреулердің болжамынша, зауытта мазут сақталған қойма өртенген. Сондықтан да қаланы қара түтін басып қалған.

Аталған кадрлар желіде пайда болған соң, бұл жағдайға "АрселорМиталл Теміртаудың" баспасөз қызметі пікір білдірді. Компанияның мәліметінше, қоймалардың бірінде өрт шыққан.

"Шайыр дистилляциялау цехының мұнай қоймасындағы жұмыс кезінде өрт шыққан. Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер мен өндірістік шығындар болған жоқ", – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін Өскемендегі жарылыс дыбыстары тұрғындардың зәресін ұшырғанын хабарлағанбыз.

22 қазанда КШТ аудандары мен Күленов атындағы ауылдың тұрғындары жарылыстан еден сықырлап жатқанын жеткізген.

Ал сағат 17:20 шамасында екінші жарылыс болған, одан Қазақстан көшесі аумағындағы автомобиль дабылы іске қосылған.

Жоспарланған жарылыс жұмыстары қаланың 25-ші шағын ауданында жүргізілген болып шықты. Инженерлік инфрақұрылымның, кварталішілік сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Жару жұмыстарын "Kaz Explo Servis" ЖШС жүргізген.

Сонымен қатар ШҚО-да "жасырынбақ" ойнаған 10 жастағы қыз баланың кір жуғыш машинаға кептеліп қалғаны хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881055-temirtauda-zauyttan-sykkan-kou-ttin-trgyndardy-zresin-syrdy-foto-video/