RU

"Жағдай қиын": Францияның тағы 38 елді мекенінде коменданттық сағат енгізілді

Франция коронавирус
Фото: Getty Images

Франция премьер-министрі Жан Кастекс мәлім еткендей, коронавирус инфекциясының жылдам таралуына байланысты жұма күннен бастап коменданттық сағат тағы 38 департаментте енгізіледі деп хабарлайды BBC-дің ресейлік қызметі.

Францияда 21 қазанда коронавирус инфекциясының рекордтық көрсеткіші тіркелген – 41 662 адам ауру жұқтырды.

"Екінші толқын келді, жағдай қиын", – деді Кастекс баспасөз мәслихатында.

Ол шектеу шараларының 46 млн адамның (Франция халқының үштен екісі) күн тәртібіне әсер ететінін мәлімдеді.

Коменданттық сағат жұма күні түнгі 12-де күшіне енеді. Оған сәйкес, жұмысқа бара жатқан немесе жұмыстан қайтып келе жатқан және медициналық көмекке жүгіну үшін шыққан адамдардан бөлек, барлығы 21.00-ден 06.00-ге дейін үйлерінде болуы тиіс. Талапты орындамағандарға 135 еуро көлемінде айыппұл салынады.

Айта кетейік, Париж, Марсель, Лион, Сент-Этьен, Тулуза, Лилль, Монпелье, Руан және Гренобль қалалары өткен сенбіден бері аталған режимге көшкен.

Премьер-министр алдағы аптада коронавирусқа байланысты жағдайдың қайта қаралатынын, қажет болса, шектеу шаралары күшейтілетінін мәлімдеді.

Ал Қазақстандағы жағдайға келсек, өткен тәулікте тағы 179 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған.

Жалпы республика бойынша коронавируспен ауырғандар саны 110 086-ға жетіп отыр.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов коронавирусқа қатысты қала тұрғындарына үндеу жасап, халықты босаңсымауға шақырған еді. Себебі вирус ешқайда кеткен жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881092-bir-tulikte-41-662-adam-virus-zktyrdy-franciany-tagy-38-eldi-mekeninde-komendanttyk-sagat-engizildi/