RU

Танымал бизнесмен карантиннің кәсіпкерлерге қалай әсер еткенін айтты

Блок-бекет13
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Белгілі бизнесмен Бекет Әбішев карантиннен кейінгі кезең шаруалар мен диқандарға қалай әсер еткенін айтты. Кәсіпкердің мәліметінше, індеттің салдары отандық экономикаға салдарын тигізбей қоймаған. Алайда, аталған тығырықтан да шығатын жол бар. Бұл туралы Бекет Әбішев Айқын газетіне берген сұхбатында баяндады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Бұл біздің ғана емес, бүкіл әлемнің басындағы жағдай. Сондықтан, азды-көпті қиындық көрсек те, "кемедегінің жаны бір" болған соң, бұған да көндігуге тура келеді. Қазір біз індетті алға тартып, қол жайып отыра бермей, бұл жағдайға бейімделуге, мейілінше, қиындықтан тезірек құтылу жолдарын қарастыруға тиіспіз.

Әрине, төтенше жағдай режимі мен карантин шараларының бәрімізге ауыр соққаны рас. Бүгінде мемлекет барынша қолдау көрсетіп, шағын және орта кәсіп пен жалпы бизнес өкілдеріне жеңілдіктер жасауда", - дейді Әбішев.

Сондай-ақ, ол төтенше жағдай кезінде өз кәсібінің қалай жан баққанын айтты.

"Жеке өзіме келер болсам, мен бірнеше жылдан бері еліміздің үш облысында қарақат пен таңқурай егуді қолға алғанмын. Кез-келген жеміс-жидек пен көкөніс тезірек өнім беру үшін олардың көшеттері ерте көктемде отырғызылады. Біздің диқандар наурыздан бастап кетпенін арқалап, егіс алқабына кетеді ғой.

Өкінішке қарай, биыл төтенше жағдай режиміне байланысты дақылдар ерте егілген жоқ. Ал кейін алқапты арамшөп пен қурай басып кетті де, ауыртпалық жүгі айтарлықтай сезілді. Бұл диқандардың басында кездесетін есебі жоқ проблемалардың бірі ғана. Осындай кезде тиісті органдар мен басшылық түсіністік танытып, біздің жағдайымызға дұрыс баға берсе деген тілек бар", - дейді ол.

Бекет Әбішев диқандардың басты мәселелеріне тоқталап келе, оларға ісін алға жетелеу үшін берілетін несие мөлшерін азайтуды ұсынды.

"Біздегі ауылшаруашылық саласы көптеген өзгерістерге зәру. Солардың бірі – шарулардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, несие беру процесін жеңілдету. Өйткені, жер алып, кетпенін арқалаған диқанға көлденең келетін дүниелер көп. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін несиені алу үшін қарапайым диқан қаншама кедергіге тап болады. Менің ең үлкен мақсаттарымның бірі – шағын бизнес үшін берілетін несиедегі кепілдікті алып тастау", - дейді бизнесмен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881132-tanymal-biznesmen-karantinni-ksipkerlerge-kalaj-ser-etkenin-ajtty/