RU

Асхат Садырбай: Туды мазақ еткені үшін заң алдында жауап берсін

Асхат Садырбай
Фото: Instagram/sadyrbayaskhat

Отандық танымал журналист Асхат Садырбай барша қазақстандықтардың "Мен туымды мақтан етемін" атты қолдау акциясына қосылды. Ол еліміздің ұлттық рәміздерін қорлаған Борат пен оның жақтастары заң алдында жауап бергенін қалайтынын ашық айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Асхат Садырбай Қазақстанды күллі әлемге мазақ етіп жатқан Борат пен оның жанкүйерлерінің әрекетіне шүйлігіп шықты. Журналист Instagram парақшасында азулы жазба жариялап, олардың заң жүзінде жазалануын талап етті.

"Біз мемлекеттік рәміздерімізді құрметтейміз. Өзге бір елдің тентегінің фильмін жарнамалауға атсалысқым келмейді. Тентекті тентек деген сайын бөркі қазандай болады. Оларға көңіл аударып, бассыздыққа бас қатырудың қажеті жоқ. Туды мазақ еткені үшін заң алдында жауап берсін. Заң ғана орнына қояды деп ойлаймын" , - деп жазды Асхат Садырбай.

Белгілі журналист желіде Борат жайлы артық жазғысы келмеуінің өзіндік себебі бар екенін алға тартты. Ақпарат өкілі оған және оның Қазақстан жайлы шындыққа жанаспайтын фильміне жарнама жасағысы келмейтінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін белгілі тележүргізуші Дина Төлепберген сыртқы істер министрлігі шулы мәселеге қатысты шара қолдануды талап еткен болатын. Ол еліміздің көк туын қорлауға және мазақ етуге жол бермеу керектігін жеткізді.

Одан бөлек, Нью-Йорктегі қазақ-полицей Димаш Ниязов мегаполистің орталығында орналасқан Таймс-Сквэрде "Борат-2" фильміне қарсы бейбіт митингке шыққанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881164-ashat-sadyrbaj-tudy-mazak-etkeni-sin-za-aldynda-zauap-bersin/