RU

Қаладағы жағдай шиеленісті: Бекшин алматылықтарға үндеу жасады

Коронавирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты қалалықтарға үндеу жасады деп жазады KAZ.NUR.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеем жасап.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің деректеріне сүйенсек, Алматыда 23 қазандағы жағдай бойынша 14 607 вирус жұқтыру дерегі тіркелген. Оның 8762 - симптомды болса, 5845-інде ауру белгілері жоқ.

"Соңғы тәулікте COVID-19-дың 44 жағдайы мен анықталмаған пневмонияың 5 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,3%, жұқтыру коэффициенті 1,37 құрап отыр. Осы аптада коронавируспен сырқаттану бірінші аптадағы деңгейінен 9 есе асып түсті. Қаладағы жағдай шиеленісіп, ауру жұқтырудың өсімі байқалады", - деді Бекшин.

Дәрігердің айтуынша, қалада ауру жұқтыру көрсеткішінің өсуіне тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы, жаппай іс-шаралар өткізуі себеп болып отыр. Осы ретте ол той істеп, қонақасы беретіндерге үндеу жасады.

"Той ұйымдастырушыларға айтарым: сіздер тек өзіңізге ғана емес, инфекцияны жұқтырып, отбасына апаратын барлық қонақтарға, егде жастағы туыстарға қауіп төндіресіз. Сондай-ақ той немесе қонақасының қызған шағында мониторингтік топтардың талабы бойынша кетуге мәжбүр болатын туыстарды ыңғайсыз жағдайға қоясыз. Бұл әр түрлі жаппай іс-шараларға қатысқан 38% науқастардың жұқтыру себебі болып отыр", - деді Бекшин.

Айта кетсек, Алматыда мониторинг жасау топтарының жұмысы 8 қазаннан бастап күшейтілді.

8 қазан мен бүгінге дейін тексерушілер карантин кезінде жұмыс істеген 1656 нысанды анықтаған. Олардың 406-ы маска режимін бұзған. Жеке тұлғалардың маска режимін сақтамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 94 хаттама толтырылған. Ереже бұзғандарға 3,9 млн теңге айыппұл салынған.

Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 179 адам тіркелді.

Бұған дейін Жандарбек Бекшин Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделен түскенін айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881186-kaladagy-zagdaj-sielenisti-beksin-almatylyktarga-ndeu-zasady/