RU

Нұр-Сұлтан әуежайынан қашып кеткен ИИДМ қызметкерінің кім екені анықталуда

Әуежай
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі карантинге бармас үшін Нұр-Сұлтан әуежайынан қашып кеткен ведомство қызметкері туралы жаңалық шыққан соң, тексеріс бастады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін көліктегі бас санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов Мысырдан келген екі қазақстандықтың Нұр-Сұлтан әуежайынан қашып кеткенін хабарлады. Азаматтарда ПТР анықтама болмағандықтан, олар коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест тапсыруы керек еді.

Алайда ер адам мен келіншек арнайы автобусқа отырғызу басталған кезде әуежайдан қашып кеткен.

Кейінірек Байғабылов толығырақ мәлімет берді. Полиция қашқындардың қайда екенін анықтаған. Ерлі-зайыптылар карантин станционарына жеткізіліп, оларға айыппұл салынған.

Көліктегі бас санитардың ақпаратынша, әуежайдан қашқан ер адам Қазақстанның ИИДМ қызметкері болып шыққан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлауынша, қазір ішкі тергеу басталған. Мамандар ер адамның кім екенін, оның расымен де министрлікте жұмыс істейтін-істемейтінін анықтап жатыр. Ер адам жұмыс орнына жалған ақпарат беруі немесе министрліктің бұрынғы қызметкері болуы да мүмкін

Ведомствоның айтуынша, егер ақпарат расталып, ер адам шынымен ведомствода жұмыс істесе, онда оның іс-әрекеті туралы деректер құзырлы органдарға жіберіледі.

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 179 адам тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881208-nr-sltan-uezajynan-kasyp-ketken-iidm-kyzmetkerini-kim-ekeni-anyktaluda/