RU

Қазақстанда ажырасқаны үшін төленетін салық сомасы көбейтілуі мүмкін

Ғашықтар
Көрнекі фото: foma.ru

Қазақстан судьяларының VIII съезіне қатысқан Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов өз әріптестерінің жағдайын жақсартуға арналған бірнеше ұсынысты жариялады. Соның ішінде ол мемлекеттік баж салығын көтеру керек деп есептейді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, судьялар корпусына қосымша білікті заңгерлер қажет. Бірақ кәсіби мамандар сот жүйесіне барғысы келмейді.

Біржан Кәрібжанов мұның қаржыға байланысты екенін айтты. Судьяның сөзінше, сот жүйесіне мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі пайыздық деңгейде бекітілуі тиіс.

Осы орайда судья қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, бұл мәселені бюджетке салмақ түсірмей-ақ шешуге болатынын жеткізді. Ол – мемлекеттік бажды көтеру.

"Мысалы, сот арқылы ажырасудың құны бар-жоғы 830 теңге. Өзбекстанда бұл сома 25 есе (20 750 теңге), ал Молдовада 120 есе (99 600 теңге) көп. Баж төмен болғандықтан мыңдаған адам келісімге келмейді, бірден соттасуды қалайды. Баждың мөлшері 90-шы жылдан бері мүлдем өзгермеген. Істердің 84 пайызы бойынша баж құны 5 мың теңгеге де жетпейді", – деп атап көрсетті Кәрібжанов.  

Оның ойынша, осы ұсыныстың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қатысы жоқ. Оларды мемлекеттік баждан міндетті түрде босату қажет.

"Сондықтан осы және басқа да жолдармен қаржыландыруды көбейтсек, сот жүйесіне қатысты біраз мәселе шешімін табар еді", – дейді Кәрібжанов.

Съезге бейнебайланыс арқылы қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судьяның ұсыныстарын қолдайтынын жеткізді.

"Судьялардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанына баса назар аудару қажет. Мен Алматы қалалық судьясының сөзімен келісемін. Ол судьяларға тиісті жағдай жасалмағанын айтты. Біз қазіргі проблеманы жіті бақылауға алсын деп, үкіметке тиісті тапсырма береміз", – деді мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, съезд барысында судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігі – түйткілді мәселе екенін айтты.

Айта кетсек, Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы судьялардың айлық табысы қанша екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881235-kazakstanda-azyraskany-sin-tlenetin-salyk-somasy-kbejtilui-mmkin/