RU

"Жаңбырдың соңы қарға ұласады": Елімізде демалыс күндері ауа райы қандай болады

жаңбырлы түн1
Көрнекі фото: pixabay.com

"Қазгидромет" РМК өкілдері 24-26 қазанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің болжамынша, апта соңында жауын-шашын мол түседі.

Мамандардың мәліметінше, демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа райына Финляндия аймақтарынан келетін ылғалды циклон әсер етеді.

Нәтижесінде жаңбырдың соңы қарға ұласып, кей жерлерде қатты жауын жауады.

Сонымен қатар тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді, республиканың солтүстік жартысында бұрқасын күтіледі.

Сондай-ақ циклон әсерінен ауа температурасы аздап көтеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылдың наурызына дейінгі аралықта елімізде ауа райы қандай болатынын болжаған еді.

Мамандардың болжамынша, айдың бірінші жартысында еліміздің солтүстігінде, шығысында және орталығында салқын ауа райы болады. Қарашада жауын (көбінесе қар), қарлы боран, сондай-ақ көктайғақ пен тұман жиі болады деп күтілуде.

Айдың бірінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -10-23°C, күндіз -2-10°C дейін төмендейді. Ал оңтүстікте айдың екінші жартысында жауын (жаңбыр, жылбысқы қар) күтіледі, таулы аймақтарда жауын ертерек жаууы мүмкін. Температура түнде -5-12°С дейін, күндіз -1+5°С дейін төмендеуі ықтимал.

Одан бөлек, желі қолданушысының жаңа жылға дайындықты бастап кеткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881249-zabyrdy-soy-karga-lasady-elimizde-demalys-knderi-aua-rajy-kandaj-bolady/