RU

Алматыда коронавируспен ауырған жедел жәрдем қызметкерлері жанайқайын айтты

Алматы қыз2еткер 1
Кадр: КТК арнасынан алынды

Алматыда медициналық жедел жәрдем қызметінің қызметкерлері коронавируспен ауырса да, өтемақы ала алмағандарын айтып, жанайқайын жеткізді деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, "тиісті өтемақыдан қағылдық" деген мамандар ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімде қызмет етеді. Бәрінің медициналық білімі бар.

Айтуларынша, коронавирус жұқтырып, емделіп шыққан соң жұмысқа қайта кіріскен. Бірақ COVID-19-бен ауырған медицина қызметкерлеріне берілетін 2 миллион теңгені ала алмаған.

"Осы пандемия кезінде біз бар күшімізді салдық, біз де жұмыс істедік. Бірақ та қалай екені белгісіз, ең соңына келгенде тізімнен сызып тастады", - дейді медициналық жедел жәрдем қызметі ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің қызметкері Арай Кәріқұлова.

Әділдік іздегендердің сөзінше, диспетчерлік бөлімде 120 адам еңбек етсе, соның 20-дан астамы коронавируспен ауырыпты. Ал басшылық оларды "санитарлық талапты сақтамадыңдар және вирусты өзге жақтан жұқтырдыңдар" деп айыптаған көрінеді. Алайда тауы шағылған топ қауіпті инфекцияны жұмыс кезінде жұқтырғанына сенімді. 

"Біз №6 бөлімшенің жанында жұмыс істейміз. Олар қоңырау түскен жаққа барып келетін қызметкерлер. Бәріміз бір есіктен кіріп-шығып, бір баспалдақпен жүреміз. Басшылық мұны есепке алмастан, "сендер сырқаттармен байланысқа түскен жоқсыңдар" деді. Бізді кабинетте ғана отырған диспетчер деп есептейді. Тіпті бір әріптесіміз вирустан қайтыс болды. Марқұмның отбасына өтемақы да төленген жоқ", - дейді медициналық жедел жәрдем қызметі ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің қызметкері Рано Мурдинова.

Дегенмен жедел жәрдем қызметінің басшылығы шағымданушылардың уәжімен келіспейді. Олардың айтуынша, жауапты министрліктің бұйрығына сәйкес, аталған қызметкерлер өтемақы белгіленген тізімге енбеген.  

"Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрығына орай бұл қызметкерлер өтемақы төлеу жөніндегі ешбір санатқа жатпайды. Ал олар вирусты қайдан жұқтырды деген сұраққа жауап беру біздің құзіретімізге кірмейді", - дейді "Медициналық жедел жәрдем қызметі" директорының орынбасары Андрей Ложкин.

Ал бұл жайтқа қатысты пікір білдірген денсаулық сақтау министрлігінің өкілдер Алматы қалалық өңірлік комиссия құрамы шешім шығарған соң төлем жасалатынын айтқан.

Дереккөз КТК арнасы

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда коронавирус жұқтырған дәрігерлер өтемақы ала алмай жүргендерін айтып, жанақайын жеткізген болатын.

Сонымен қатар мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар екенін айтқан еді.

Президенттің сөзінше, дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881254-almatyda-koronaviruspen-auyrgan-zedel-zrdem-kyzmetkerleri-zanajkajyn-ajtty/