RU

Алматыда мас күйінде жол апатын жасаған көлік жүргізушісі қамауға алынды

Алматыдағы жол апаты
Фото: Polisia.kz

Алматыда мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған ер адамды уақытша ұстау изоляторына тоғытылды деп хабарлайды Polisisa.kz.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, “Honda” көлігінің жүргізушісі Қабанбай көшесімен шығысқа қарай бара жатып, жол бойымен келе жатқан “ВАЗ” автокөлігімен соқтығысқан.

Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер жол апатына себепкер болған азаматты патрульдік экипаж сот-наркологиялық сараптамаға алып кетті. Нәтижесінде ер адамның көлікті мас күйде жүргізгені анықталған.

"ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды" , – деп хабарлады Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шарипов.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте теміржол станциясында 13 вагон жолдан шығып, аударылып қалғанын хабарлаған болатынбыз. Төтенше жағдай салдарынан 15 пойыздың қозғалысы тоқтатылған.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда ер адам бұрынғы әйелін көлігінің капотына мінгізіп алып айдап кеткен. Желіде жантүршігерлік оқиға сәтінен видеожазба тарады. Экс-жұбайлардың екеуі де бірден полиция бөлімшесіне жеткізілді. Алайда, жанжалдасып қалған ер адам мен әйел бір-біріне ешқандай шағымдары жоқ екенін айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881285-almatyda-mas-kjinde-zol-apatyn-zasagan-klik-zrgizusisi-kamauga-alyndy/