RU

Алматы облысында бұған дейін 13 рет істі болған жүкті әйел тағы да қолға түсті

күдікті әйел
Көрнекі фото: www.gazeta.ru

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында Талғар қаласының 26 жастағы тұрғыны алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Ол бұған дейін де бірнеше рет полицияға жеткізіліп, 13 рет жауапкершілікке тартылған болып шықты. Соған қарамастан, оған бас бостандығын шектеумен байланысты сот үкімі екі-ақ рет қолданылған екен.

"Ұсталған азаматқа алты алаяқтық фактісі бойынша айып тағылып отыр. Бұл әрекеттер Есік қаласы мен жақын маңдағы ауыл дүкендерінде жасалған. Сатушыларға ол өзін дүкен иесінің туысымын деп таныстырып, түрлі маркалы темекілерді қорабымен алып кетіп отырған", – делінген хабарламада.

Қазіргі кезде аталған деректер негізінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

Күдіктінің кінәсі дәлелденген жағдайда мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осыншама мерзімге бас бостандығынан айырылу шарасы қолданылады.

Айта кетерлігі, полицейлер күдікті әйелдің кәмелетке толмаған баласы барын және жүктіліктің алтыншы айында екенін ескере отырып, оған тергеу кезінде ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде алдын-алу шарасын қолданған.

Естеріңізде болса, бұған дейін Алматыда мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған ер адамды уақытша ұстау изоляторына тоғытылғаны туралы хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881306-almaty-oblysynda-bgan-dejin-13-ret-isti-bolgan-zkti-jel-tagy-da-kolga-tsti/