RU

Полициядан қашқан Нұр-Сұлтан тұрғындары караоке-бардың терезесінен секірді (видео)

Терезе
Көрнекі сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан ғимараттарының бірінің екінші қабатынан секіріп, әлдебіреуден қашқан тұрғындардың видеосы тарады.

"Жалобы Астана" атты Instagram парақшасының мәліметіне сәйкес, видео түнде Күйші Дина көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде түсірілген. Желі қолданушыларының сөзіне сенсек, үйдің екінші қабатында орналасқан мекемеде рейд жүргізілгендіктен, тұрғындар полицейлерден осылайша қашпақ болған.

Бұл оқиғаға Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының полиция бөлімі түсініктеме берді. Департаменттің Instagram-дағы ресми аккаунты ұсынған ақпарат бойынша 25 қазанда полиция патрульдерінің бірі Күйші Дина көшесінде орналасқан "Сова" караоке-барына адамдардың келіп жатқанын көрген.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қызметтік көлікті байқаған адамдар өздерінің карантинді бұзғанын түсініп, ғимараттың ішіне жасырынуға асыққан. Клиенттер мен мекеменің әкімшісі тәртіп сақшыларынан екінші қабаттағы терезе арқылы қашып кетуге тырысқан сәт видеоға түсіп қалыпты.

Полиция оқиғаның салдарынан ешкім зардап шекпегенін алға тартты. Мекеменің иесі және карантинді бұзу туралы барлық мәліметтер жинақталып, одан әрі шешім қабылдау үшін құзырлы мекемеге жіберілді.

Тәртіп сақшылары "Сова" караоке-барының бұған дейін де коронавирусқа байланысты шектеулерді бұзғанын атап өтті. Полицейлер карантинді бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын тағы да ескертуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде 163 адам коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдыққанын жазған едік.

Одан бөлек, ДДСҰ басшысы алдағы айларда коронавирус инфекциясының таралуына қатысты жағдай аса ауыр болатынын ескерткенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881376-policiadan-kaskan-nr-sltan-trgyndary-karaoke-bardy-terezesinen-sekirdi-video/