RU

Алматыда 21 жастағы жігіт квадроциклден құлап көз жұмды

Квадроцикл
Көрнекі фото: asc.kz

Алматыда квадроциклмен серуендеген жігіт мерт болды деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Алматы құтқару қызметінің хабарлауынша, 21 жастағы турист Бутаковка шатқалында квадроциклмен серуендеп жүргенде абайсызда құздан құлаған.

5 адамнан тұратын құтқару экипажы жігіттің денесін 2 километр төмен таудың етегінен тауып алды. Өкінішке қарай, турист сол жерде жан тәсілім етті. Құтқарушылар төменде күтіп тұрған туыстары мен дәрігерлерге марқұмның денесін зембілмен түсіріп берді.

Еске сала кетейік, Алматы – Бішкек тас жолының 130-шақырымында жан түршігерлік жол апаты орын алды. Toyota мен Audi автокөліктерінің соқтығысуынан үш адам қаза тапты. Неміс автокөлігінің жүргізушісі шығыс бағытта Алматы қаласына қарай келе жатқанын жеткізді.

Айтуынша, бір сәтте оның қарсы алдынан Toyota Alphard автокөлігі шыға келген. Соққыдан оның көлігі айналып, қарама-қарсы жолдың жиегіне шығып кеткен. Ал жапониялық минивэн шұңқырға түсіп, бірнеше рет аударылған. Куәгерлер жол-көлік оқиғасының қатысушыларына көмек көрсетіп, жедел жәрдем мен полицияны шақырған.

Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері минивэн жүргізушісі мен сол көлікте отырған екі жолаушының өлімін тіркеді. Toyota автокөлігінің тағы 3 жолаушысы ауруханаға жеткізілген. Audi жүргізушісі мен жолаушылары аман. Жол апатының мән-жайы анықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881401-almatyda-21-zastagy-zigit-kvadrociklden-klap-kz-zmdy/