RU

Бүгін еліміздің қай қалаларында кинотеатрлар жұмысы басталды

Кинотеатр орындықтары
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда 26 қазаннан бастап, кинотеатрларға жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен ВАК отырысында мәлім болды. Алайда, бұл рұқсат эпидемиологиялық жағдай бойынша "анағұрлым қауіпсіз" зонаға кіретін өңірлердегі кинотеатрларға ғана берілген. Соған орай, бүгін елімізде кинотеатрлар тек санаулы қалаларда ғана ашылды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Белгілі болғандай, Алматы, Нұр-Сұлтан мен басқа қалалардағы кинотеатрлар жұмысын жалғастыруға ресми түрде рұқсат ала алмаған. Бұл туралы Kinopark желісінің PR-директоры Ерлан Бұхарбаев айтты. Оның сөзінше, бүгін тек Ақтау мен Атырау тұрғындары ғана үлкен экраннан фильмдерді тамашалай алады.

Сонымен қатар, желіде кино билеттерінің күрт қымбаттап кеткені туралы ақпарат тарап кетті. Онда Алматы кинотеатрларының бірінде сеанс құны 20 мың теңгеге шарықтап кеткені жазылған. Бұхарбаев бұл ақпаратты жоққа шығарып, оның шындыққа жанаспайтынын кесіп айтты.

"Бұл ақпаратқа мән бермеулеріңізді сұраймын. Алматы кинотеатрлары әлі де жұмыс істеп тұрған жоқ. Билетке қатысты айтарым: кинобизнес өте аянышты халде екеніне қарамастан, біз бағаны ұстап тұрмыз.
Атыраудағы фильм көрсетілімінің бағасы 1500-3000 теңге аралығында. Барлығы тарифке байланысты. Оған қоса, акциялар да жүріп жатыр. Билет құны қолжетімді болып қала бермек" , - деді Kinopark жүйесінің PR-директоры7

Сонымен қатар Бұхарбаев қазақстандықтар кинотеатрлар ашылған соң, қандай фильмдерді тамашалай алатынын айтты. Мәселен, Атырауда бүгін қазақстандық "Любовь на миллион" фильмінің тұсаукесері өтпек. Одан бөлек, көрермендер "Мулан", "Довод", "Пышка", "Жаным, ты не поверишь" және тағы да басқа қызықты киноны көре алады.

Кинотеатрларда көбіне карантин салдарынан жарыққа уақытылы шыға алмаған туындылар көрсетіледі. Оның үстіне енді кинотеатрлар ашылған бойда отандық киногерлердің жолы болмақ. Себебі, көрерменге жол тартатын туындылардың басым көпшілігін қазақстандық кино құрайтын болады.

Алматы қаласының ТКҚСҚБ кинотеатрлардың ашылуына қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881464-bgin-kinoteatrlar-aktau-men-atyrauda-gana-asylady/