RU

"Полицейді ұрған": Алматыдағы Арбатта ер адамның ұсталған сәтінен видео пайда болды

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Әлеуметтік желіде ер адамды ұстау кезінде оның полиция қызметкерін жұдырықпен ұрып жіберген видеосы пайда болды. Оқиғаға қатысты Алматы полициясы пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видео Kris.p.almaty Telegram парақшасында жарияланды.

Кадрда екі полицейдің талаптарға бағынбай, қашып кетуге тырысқан адамды ұстамақ болғандығы бейнеленген.

Тәртіп сақшыларының қолынан сытылып шыққан ер адам олардың бірін бетінен ұрып жіберген. Осы сәтте өтіп бара жатқан адамдар полицейлерге көмекке келген.

Кадрға қарағанда оқиға Арбатқа кіреберісте болған.

Ал Алматы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 25 қазанда сағат 19:00 шамасында Жібек жолы мен Абылай хан көшелерінің қилысында болған.

"Қоғамдық тәртіпті қадағлауға жауап беретін полицейлерге жаяу жүргіншінің іс-әрекетіне шамданған азаматтар жүгінген. Ол азаматтарға қатысты бейәдеп сөздер айтқан, мас күйде болған. Полиция қызметкерлері бастапқыда оған ауызша ескерту жасаған, алайда ол агрессивті жауап берген. Оның құқыққа қайшы әрекеттерінің жолын кесіп, полиция бөліміне жеткізбек болғанда, ер адам полиция қызметкерін жұдырығымен ұрған", - дейді ПД баспасөз қызметі.

Нәтижесінде бұзақы ұсталып, Алмалы ауданының полиция басқармасына жеткізілген. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 380 бабы, 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оның кім екені де белгілі болды.

"Бұл Алматы облысының тұрғыны, 1995 жылы туған азамат. Бұрын ол бірнеше рет, оның ішінде адамды тонағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", - дейді департаменттің ресми өкіл Салтанат Әзірбек.

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтанда караоке-барға келген тұрғындар полицейден қашамын деп терезеден секіріп кеткенін жазған едік.

Сонымен қатар Алматыда мас күйде көлік айдап, жол-көлік оқиғасын жасаған ер адамның уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881499-policejdi-rgan-almatydagy-arbatta-er-adamny-stalgan-stinen-video-pajda-boldy/