Екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге дейінгі мектептер дәстүрлі форматқа көшеді
Опубликовано:

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысы өтті. Жиын барысында комиссия мектептегі оқыту және театрлар мен мешіттердің жұмысына қатысты шешім қабылдады деп хабарлайды primeminister.kz.
I. Мектептегі оқыту бойынша
Екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге дейінгі қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшеді.
- ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі.
Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті.
II. Театрлар мен мешіттердің жұмысы бойынша
Осы жылдың 2 қарашасынан бастап 30%-ға дейін толығумен, бірақ залда 100 адамнан асырмай театрлардың жұмыс істеуіне (әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен);
- жұма намазын қоспағанда, мешіттерде залда 100 адамнан асырмай ұжымдық намаз (бес уақыт) өткізуге (2 м әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен) рұқсат етіледі.
Сонымен қатар отырыс барысында премьер-министр индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әуе компанияларына ПТР-тестінің нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салуды тапсырды.
Сондай-ақ рентген аппараттарын, жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді жеделдету тапсырылған.
Денсаулық сақтау министрлігіне өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету, бір апта мерзім ішінде жеке қорғаныш құралдарының бағасын төмендету жөнінде шаралар қабылдау, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, байланыста болған адамдарды, ауырғандарды қадағалау, субъектілердің санитарлық талаптарды сақтауына мониторинг жүргізу бойынша бағдарламаларды енгізу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылған.
Өңірлердің әкімдеріне екі күн ішінде ұйымдастырылған ұжымдардың басшылығымен карантин режимін сақтау жөнінде арнайы кеңес өткізу, мектептер мен медицина ұйымдарында санитарлық режимді сақтау жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды.
Сонымен бірге үкімет басшысы өңірлер әкімдіктеріне апта соңына дейін "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуы бойынша сауда-ойын сауық орталықтарының жұмысына мониторинг жүргізуді тапсырды.
Бұл ретте белгіленген талаптарды бұзушыларға қатысты олардың жұмысын тоқтата тұруға дейінгі қатаң шаралар қолданылатын айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін Асқар Мамин президентке санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндаған еді.
Еске сала кетейік, бүгіннен бастап елімізде кинотеатрлар жұмысын қайта бастады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881567-ekinsi-toksannan-bastap-okusylar-sany-300-ge-dejingi-kala-zne-auyl-mektepteri-dstrli-formatka-ksedi/