RU

Полиция қарсы алады: Шетелден оралған Қазақстан азаматын әуежайда не күтіп тұр

Әуежайдағы шабадан
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанның көліктегі бас санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов әуежайда шетелден келген қазақстандықтарды не күтетінін айтты. Сөзінше, елге оралған жолаушылар екі дәлізге бөлінеді. ПТР анықтамасыз келгендерді полиция қарсы алады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Байғабылов бұл процедруаны Нұр-Сұлтан әуежайын мысалға келтіре отырып сипаттады. ПТР анықтамасының бар-жоғын тексермес бұрын ұшып келгендердің дене қызуы өлшенеді.

"Ұшу аймағында екі гейт бар. Жолаушылар осы гейттер арқылы түседі, онда байланыссыз тепловизорлармен термометрия жүргізіледі. Тепловизорлар жоғары дәлдікте ағындағы адамдардың тұлғасын анықтайды. Температура анықталған жағдайда дыбыстық белгі шығады. Ұшу аймағында изолятор бар. Жолаушы (температура анықталған - ред) инфекциялық стационарға жеткізу үшін алдын ала изоляторға орналастырылады", - деді санитар дәрігер.

Артынша жолаушылар Қазақстан азаматтары және шетелдіктер болып екіге бөлінеді. ПТР анықтамасының мерзімі өтіп кеткен шетеліктер төлқұжат бақылауынан өте алмайды. Олар бірден оқшауланып, артынша депортацияланады.

Ал қазақстандықтар ПТР анықтамасы бар және анықтамасы жоқтар болып өзара тағы екі топқа бөлініп, төлқұжат бақылауы аймағына өтеді.

"ПТР анықтамасы бар және анықтамасы жоқ азаматтар төлқұжат бақылауына өтеді. Онда да екі дәліз бар. Анықтамасы барлар әуежайдан кетеді немесе басқа қалаға ұшады. Ал анықтамасы жоқ жолаушылар бөлек дәлізбен автобусқа отырғызылады. Оларды жол-көлік полицейлері карантиндік стационарларға жеткізеді. Нұр-Сұлтанда бұл - "Рамада Плаза", - деп түсіндірді Байғабылов.

Айта кетейік, 26 қазаннан бастап халықаралық әуе рейсін орындайтын компаниялардың ПТР анықтамасы жоқ шетелдіктерді ұшақ бортына отырғызуына тыйым салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881760-policia-karsy-alady-setelden-oralgan-kazakstan-azamatyn-uezajda-ne-ktip-tr/