RU

Петропавлда ауруханаға көңілі толмаған тұрғын ақ халаттыларды гранатамен қорқытты

Петропавл тұрғыны
Фото: СҚО ПД

28 қазан күні таңертең Петропавлдың 58 жастағы тұрғыны №4 қалалық аурухана жұмысына кедергі келтірді. Көңілі толмаған азамат граната алып, ақ халаттыларға сес көрсеткен. Бұл оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.

Тәртіп сақшыларының ақпарынша, қоңырау таңғы сағат 9.10-да түскен. Олар ауруханаға тез арада барлық жауапты қызмет өкілдерін жіберген. Ғимараттан ақ халаттылар мен 100-ден аса науқас эвакуацияланған.

Ашулы азамат ұсталып, ары қарай мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Ер адамнан оқ-дәріні арнайы маман тәркілеген. Тәркіленген граната қауіпті жарылғыш заттарды тасымалдайтын контейнерге жеткізілген. Алдын ала ақпарат бойынша, Ф-1 гранатасында тұтандырғыш болмаған, яғни ол жарылмайды.

Тергеу "қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабы бойынша жүргізілуде.

Ұсталған азаматтың сөзінше, ол бұл әрекетке ауруханаға көңілі толмағандықтан барған. Азамат Ауған соғысы мен паралимпиада ойындарына қатысқан.

Тиісті сараптамалар тағайындалды. Енді тергеушілер оқиғаның мән-жайын толығырақ анықтайтын болады.

Айта кетейік, осыған дейін Петропавл қаласының тұрғыны өз туған күні қарсаңында үшінші қабаттағы үйінің терезесінен құлап кете жаздағанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар Петропавлда қалалық базардың ветеринариялық зертханасы ғимаратында инспекцияның бас маманы пара алып, базарда құжатсыз ет сатуға рұқсат бергені анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881920-petropavlda-auruhanaga-kili-tolmagan-trgyn-ak-halattylardy-granatpen-korkytty/