RU

Kaspi.kz-тің барлық қызметі қайта қалпына келді

телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін, 28 қазанда ақаулар пайда болған Kaspi.kz қосымшасының барлық қызметі қайтадан қалпына келтірілді деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

"Kaspi.kz қосымшасындағы барлық қызметтер жұмыс істеп тұр. Клиенттердің барлық ақшасы сақтаулы және шоттар дұрыс көрсетіп тұр. Келтірілген қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұраймыз және сүйікті клиенттерімізге қолдауларыңыз үшін рақмет айтамыз.

29 қазан мен 4 қараша аралығында Kaspi Gold, Kaspi Red және Kaspi QR-мен жасалған әрбір төлем үшін 5% бонус береміз", - дейді компанияның баспасөз қызметі.

Сонымен бірге компания өкілдері күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырды.

"Арам пиғылды адамдардың жалған хабарламаларына назар аудармаңыздар. Біз әрдайым әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызда сүйікті клиенттерімізді болған кез келген жағдай туралы хабардар етіп отырамыз", - дейді компанияның баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, бүгін, 28 қазан күні Kaspi.kz төлемдер жүйесінде ауқымды техникалық ақау орын алды. Клиенттерге қаржылық операциялар, атап айтқанда, ақша аудару, шоттағы ақшаны алу немесе толықтыру, картамен төлем жасау қолжетімсіз болды.

Одан бөлек, компанияның көптеген клиенттері шоттағы ақша қалдықтары дұрыс көрсетілмегенін айтып, шағымданды. Бірінде мобильді қосымша аз сома көрсетсе, енді бірі мүлдем "минусқа кіріп кеткенін", енді бірі ақшасы еселене түскенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881949-kaspikz-ti-barlyk-kyzmeti-kajta-kalpyna-keldi/