RU

Францияда екінші ұлттық карантин жарияланды

Франция коронавирус 12
Фото: Getty Images

Франция президенті Эммануэль Макрон COVID-19 індетінің рекордтық деңгейде таралуына байланысты елде жаңа карантин шаралары енгізілгенін мәлім етті деп хабарлайды Euronews.

Мемлекет басшысы 28 қазандағы мәлімдемесінде елдің барлық аумағына таралатын жаңа шектеулер туралы айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, вирустың эволюциясы "тіпті ең пессимистік болжамдардан да асып түскен". Президент елде мектептер мен бөбекжайлар жабылмайтынын тілге тиек етті.

Макронның айтуынша, мүмкіндік болса, жұмысты қашықтан істеуге көшкен жөн. Дегенмен азаматтар маңызды жұмыс мақсаттары, дәрігерге көріну, осал топтағы тұлғаларға көмектесу және азық-түлік сатып алу үшін үйлерінен шыға алады.

Сондай-ақ елдегі бірінші карантиндегідей, адамдар үйден шығу үшін форма толтыруға міндеттеледі.

Шектеу шаралары 1 желтоқсанға дейін сақталады.

Президенттің айтуынша, Францияның халықаралық шекаралары негізінен жабық күйінде қалады. Елге кіретін адамдардың барлығы экспресс-тесттен өтуі тиіс.

"Жаңа шаралардың нәтижелігін білу үшін, әр 15 күн сайын олар қайта қаралады", – деді ол.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше аптада қабылданған шектеулер, соның ішінде бірқатар аудандарда енгізілген коменданттық сағат коронавирустың екінші толқынымен күресуге жеткіліксіз болған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, дүкен қожайындарына көмектесу үшін "арнайы жоспар" жасалады. Жұмысын жалғастыра алмайтын тұлғаларға шығындарын жабу үшін және алдағы апталарға жалдау ақысын төлеу үшін қаражат беріледі.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Францияда коронавирус жұқтырудың 1 244 242 жағдайы тіркелген. 35 582 адам індеттен көз жұмды.

Айта кетейік, бұған дейін коронавирус инфекциясының қарқынды таралуына байланысты Францияның бірқатар өңірінде коменданттық сағат енгізілген еді.

Ал Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, республикада коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Елімізде өткен тәулікте тағы 268 науқас тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882045-franciada-ekinsi-lttyk-karantin-zarialandy/