RU

Желіде БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы ұсталғаны жайлы ақпарат пайда болды

Болатбек Каюпов БҚО
Болатбек Каюпов. Фото: batys.ortcom.kz

Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюповтың ұсталғаны туралы хабарлама тарады деп жазды KAZ.NUR.KZ.

Әлеуметтік желілерде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының 29 қазанда ұсталып, Орал қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалғаны айтылады.

Хабарламада көрсетілгендей, Каюпов 78 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар жеткізуге келісімшарт жасалған кәсіпорындардың бірінің атқарған жұмыстар актісіне қол қойып, ол үшін 7,8 млн теңге пара алған деп күдіктелуде.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты ешқандай ресми ақпарат хабарланбағанын атап өтті.

Олар барлық сұрақтар бойынша өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінуге кеңес берді. Белгілі болғандай, басқарма басшысының кабинетіне мөр басылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі әзірге бұл мәселе бойынша ресми пікір білдіре алмайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде бір мыңнан аса пара алу фактісі тіркелген. Биыл пара алушылар өткен жылғыдан 10 пайызға көп екен. Пара алу антирекордында Алматы облысы көш бастап тұр.

Сондай-ақ бұған дейін Түркістан облысында парамен ұсталған судья мен кәсіпкерің сотталғанын жазған едік.

Судья Түгел Бекімбетов 300 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде қолға түскен. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылса, пара беруші кәсіпкер 2,5 жылға сотталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882097-zelide-bko-densaulyk-saktau-baskarmasyny-bassysy-stalgany-zajly-akparat-pajda-boldy/