RU

Ресейде жарқанаттардан коронавирус анықталды

жарқанат 2
Көрнекі фото: pixabay.com

Ресейде тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамдардың әл-ауқатын қадағалау жөніндегі федералды қызмет жарқанаттардан коронавирус анықтады деп хабарлайды РИА Новости.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамдардың әл-ауқатын қадағалау жөніндегі федералды қызметтің орталық ғылыми-зерттеу эпидемиология институты геномика және постгеномдық зерттеулер тобының жетекшісі Анна Сперанскаяның айтуынша, жарқанаттардан табылған коронавирустың түрін анықтау қажет.

"Ресейде мекендейтін жарқанаттарда қандай да бір коронавирустар бар. Вирустың түрін әлі зерттеу қажет. Сондай-ақ бұл зерттеулер табылған бірқатар басқа да вирустардың геномдық тізбегін құруға мүмкіндік берді", – дейді маман.

Ол жарқанаттардың адам үшін қауіпті вирустарды тасушы болып табылуы мүмкін басқа да жануарлардан қауіпті емес екенін атап өтті. Дегенмен жарқанаттарды ұстамауға, олардың мекендейтін ұяларын бұзбауға кеңес берілді.

Сперанскаяның айтуынша, жарқанаттарды зерттеу аяқталған жоқ, бұл жұмыстар әлі екі жылға жуық уақыт жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ғалымдар коронавирус пен инсульттің байланысы бар екенін ескерткен болатын.

Кембридж университетінің ғалымдар тобы коронавируспен ауырған кемінде әр жүзінші науқастың соңында инсульт алатынын анықтады.

Құжатта көрсетілгендей, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар басқаларға қарағанда алты жылға ертерек инсульт алады. Оның үстіне, COVID-19 жұқиырғандар арасында инсульттан өлім-жетім жағдайы екі есе көп тіркеледі.

Сондай-ақ бұған дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскенін хабарлаған болатынбыз. Елімізде өткен тәулікте тағы 268 науқас тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882129-resejde-zarkanattardan-koronavirus-anyktaldy/