Шығыс Қазақстан облысында қайтадан блок-бекеттер қойылатын болды
Опубликовано:

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар үшін арнайы шектеулер енгізіліп, аймақтың сыртқы шекараларында бақылау бекеттері орнатылады. Бұл туралы ШҚО бас санитары дәрігерінің міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Мұндай шешімнің қабылдануына өңірде бір тәулікте 139 коронавирус жұқтыру дерегі тіркелгені себеп болған. 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш жалпыреспубликалық деңгейден асып, 683,6 құраған.
Жергілікті билік жағдайдың нашарлауының басты себептері шектеу шараларын сақтамау, сондай-ақ көрші мемлекеттермен үздіксіз жүріп жатқан жолаушылар мен жүк тасымалы деп санайды.
Осы себептен 2020 жылдың 1 қарашасынан бастап Шығыс Қазақстан облысының аумағында экономикалық және өзге де жұмыстар мен тұрғындардың өмір сүруіне ерекше жағдай жасалған шектеу шаралары облыстың сыртқы шекараларына өткізу пункттерін енгізе отырып жұмыс істей бастайды.
Өскеменнің және жалпы облыстың қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады.
Кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚКО жұмысын жалғастырады.
"Біз бизнесті енгізілген карантиндік шаралар салдарынан барынша қорғауға тырысамыз", - деді Талғат Тұңғышбаев.
Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте 268 адамнан коронавирус анықталды. Олардың басым көпшілігі Шығыс Қазақстан облысында тіркелген.
Айта кетейік, бұған дейін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья президентке коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882132-sygys-kazakstan-oblysynda-kajtadan-blok-beketter-kojylatyn-boldy/