RU

Жүргізуші білмейді: Петропавл тұрғыны үш қап марихуананы көлік жалдап тасымалдаған

марихуана
Көрнекі фото: atpress.kz

Петропавлда тәртіп сақшылары көшеде тоқтатылған көліктен 60 келіге жуық марихуана тапты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде мамыр айынан бастап «Қарасора» іс-шарасы өтіп жатыр.

Петропавлда операция аясында полицейлер Қизатов-Хименко көшелерінің қиылысында 44 жастағы жүргізуші басқарған «Toyota Mark 2» автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушінің қасында 50 жастағы жолаушы болыпты.

Көліктің жүксалғышынан скотчпен оралған, өткір иісі бар өсімдік тектес зат салынған үш қап табылады. Сараптама қорытындысына сәйкес оның кептірілген марихуана екендігі анықталды.

Салмағы 59 кг 770 грамм, бұл аса ірі көлемдегі есірткі саналады. Есірткі жолаушыға тиесілі. Оның айтуынша, марихуананы белгісіз адамнан сатып алған және оны тасымалдау үшін жүргізуші жалдаған. Қапта не бар екенін жүргізушіге айтпаған.

Аталған факті «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, полицейлер болған оқиғаның мән-жайын анықтауда.

«Бұл - жыл басынан алынған ең ірі көлемді есірткі. Жалпы жыл басынан заңсыз айналымнан 390 келі түрлі есірткі, оның ішінде 1 кг 690 грамм синтетикалық есірткі алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды», - дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882193-zrgizusi-bilmejdi-petropavl-trgyny-s-kap-marihuanany-klik-zaldap-tasymaldagan/