RU

Ниццадағы шабуыл: Макрон Франция көшелеріне 7 мыңға дейін әскер шығаруға бұйрық берді

Эммануэль Макрон
Эммануэль Макрон. Фото: Sean Gallup/Getty Images

Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеу жасады. Мемлекет басшысы Ниццадағы шабуылды теракт деп атады.

Француз көшбасшысы Эммануэль Макрон шіркеудің алдында қарулы шабуыл жасалған Ниццаға келді. Онда Франция президенті халыққа үндеу жасады. Макрон Ниццадағы шабуылды теракт деп атады.

"Біздің ел исламшыл лаңкестік шабуылға ұшырады. Егер бізге шабуыл жасалса, бұл біздің құндылықтарымыз үшін, бостандық құндылықтарымыз және террорға мойынсұнбауымызға қарсы жасалған әрекет", – деп келтіреді РИА Новости Франция басшысының сөзін.

Сондай-ақ, Франция президенті өз сөзінде елдегі қауіпсіздік шаралары жақында болған оқиғалар аясында күшейтіліп жатқанын мәлімдеді.

Макронның айтуынша, Франция көшелеріндегі 3-тен 7 мыңға дейін сарбаз маңызды нысандарды қорғайды.

Сондай-ақ, шіркеулерде, храмдар мен мектептерде қауіпсіздік күшейтіледі.

Еске салсақ, былтыр Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында мешітке шабуыл жасап, адамдарға оқ жаудырған австралиялық Брентон Таррант шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді.

Айта кеткен жөн, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы бір лаңкестік әрекеттің жолын кескен болатын. Келтірілген деректерге қарағанда, Қазақстан аумағында тыйым салынған "ДАИШ" халықаралық террористік ұйымы өкілдері, Жезқазғанда терракті ұйымдастырмақ болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882243-niccadagy-lakestik-sabuyl-makron-francia-kselerine-7-myga-dejin-sker-sygaruga-bjryk-berdi/