RU

7,8 млн пара: БҚО-да денсаулық сақтау басқармасы басшысы не үшін ұсталды (видео)

Болатбек Қаюпов
Фото: gov.kz/memleket/entities/bko-densaulyk/

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының не себепті қамауға алынғаны белгілі болды. Ол сыбайласымен бірге медициналық жабдықтарды қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 7,8 миллион теңге пара алған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, басқарма басшысы мен оның сыбайласына қатысты тергеу басталды.

"Олар 2020 жылдың 12-23 қазаны аралығында жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-мен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ (тауарлы-материалдық қор) қабылдау актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін компания директорынан пара алған. Параның жалпы сомасы – 7 800 000 теңге", - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы және оның сыбайласы Орал қаласы полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың құрықталғаны туралы хабарлама тараған болатын.

Ал бүгін Ақмола облысында 700 млн теңге жымқырды деген күдікпен әкімдіктің аудандық бөлімінің басшылары бастаған лауазымды тұлғалар тобы ұсталды.

Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Қаржылық мониторинг жөніндегі комитетте ұсталған видео көрсетілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882319-78-mln-para-bko-da-densaulyk-saktau-baskarmasy-bassysy-ne-sin-staldy-video/