RU

Бағдат Қожахметов Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қызметінен кетті

Бағдат Қожахметов
Фото: Facebook/ Бағдат Қожахметов

Бағдат Қожахметов Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қызметінен кетті. Ол лауазымынан босатылуына не себеп болғанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мен әуел бастан Денсаулық сақтау министрлігіне өмірімді бірнеше рет құтқарып қалған ақ халатты абзал жандардың алдында борышымды өтеу үшін қоғамдық көмекші ретінде келгенмін.

Үш ай бойы көмектестім, енді өз кәсібіме көңіл аударатын сәт келді. Осы уақыт аралығында біз барлық жүйелік мәселелерді шешіп, медиа-орталық пен баспасөз қызметінің жұмысын ретке келтіре алдық. Менің миссиям орындалды, енді алға жылжу керек", - деді Қожахметов.

Сондай-ақ Қожахметов ведомствода ресми өкіл сынды ұстаным жоқ екенін, тиісінше, өзін министрлікке жұмысқа қабылдамағанын, ешқандай еңбек келісімшарты жасалмағанын, сондықтан, ол жұмыстан қуылуы мүмкін емес екенін айтты.

"Мен өз еркіммен Денсаулық сақтау министрлігіне көмектестім, өз ақшамды да жұмсадым", - деді ол.

Айта кетейік, Бағдат Қожахметов Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болып, осы жылдың шілде айында яғни коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде тағайындалған болатын.

Кейін ол неліктен министрліктің ресми өкілі болуға шешім қабылдағанын айтып берген еді.

Еске сала кетейік, Бағдат Қожахметовке дейін ДСМ ресми өкілі журналист Диас Ахметшәріп болды. Ол бұл қызметке 2020 жылдың ақпан айында тағайындалып, шілдеде қызметінен босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882345-bagdat-kozahmetov-densaulyk-saktau-ministrligi-baspasz-hatsysy-kyzmetinen-ketti/