Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірінші тоқсанды Whatsapp-пен бітірген ата-аналар мен ұстаздар жанайқайын айтты

Опубликовано:

Мектеп мұғалімі қоңырау ұстап тұр
Фото: жеке мұрағат/Алма Игілікова, мектеп мұғалімі

Елімізде мектеп оқушылары бірінші тоқсанды аяқтауға жақын. Олардың басым бөлігі Whatsapp мессенджері арқылы қашықтан білім алып шықты. Оған редакция нөміріне келген толассыз хаттар легі дәлел деп жазады KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.

Редакциямызға хабарласқан Түркістан облысы Балтакөл ауылының тұрғындары қашықтан оқып жатқан балаларының біліміне алаңдаулы.

Интернеті нашар ауылда қашықтан оқыту Whatsapp желісімен де мүмкін емес болып шықты. Ата-аналарды бірінші тоқсан бойынша қорытынды бағаның қалай қойылатыны қызықтырады.

"Қорытынды тапсырмаларды интернет жоқ болса қалай жібереді? Отырады көздері бақырайып. Далада ойнап-ойнап кір қожалақ боп жүреді, апайы (мұғалімі - ред.) ана жақта баға қоя береді", - дейді тұрғын.

Ал сол ауылдың мұғалімі интернеттің нашарлығынан онлайн оқыту платформасындағы ресурстарға қол жеткізе алмай отырғандығын жеткізді. Мұғалімдер қашықтан оқыту процесін жағдайға қарай ыңғайлап алған. Мәселен олар сағат 11-де өтетін сабақтың аудио-видео материалдарын оқушыларға таңғы сегізден жіберіп қояды.

"Уақытында ашылсын деген оймен видеосабақтарды алдын ала түнде жібереміз, ашылмай жатса оқушылар күтеді, жауаптарын ашылған соң жібереді. Оқу процесі Whatsapp-тың аудиохабарламасы арқылы жүзеге асады. Аудионы қысқа-қысқа жазып жібермесең, минуты көбейген сайын кетуі де қиын болады. Біз, ауыл мұғалімдері сондайға көндік.

Қазір тоқсандық қорытынды жүріп жатыр. Бір үйде әр балаға ұстататын телефон жоқ қой, бір телефонмен үш бала оқуы мүмкін. Біреуі орындап болған соң, екіншісіне кезек тиеді. Біз әбден шыдап келе жатырмыз. Тапсырма тура 45 минуттың ішінде орындалмаса да, кейіннен жіберіп жатыр. Оқитын балалар тырмысып оқуда, ал мектепте нашар оқыған кейбір оқушылар артта қалып жатыр", - дейді атын атамауды өтінген ұстаз.

Ауыл мұғалімдері қарапайым электронды журналды түнгі 1-2 шамасында оянып, интернет сәл-пәл істегенде толтыратындарын айтады.

Алматыдағы мектеп мұғалімі Алма Мырзашқызы Whatsapp-пен сабақ өтуді білім саласындағы катастрофа деп атап, қазіргі қалыптасқан білім беру ісін сынға алды.

Алма Игілікова - жекеменшік мектепте мұғалім. Ол басқа қала мектебінде қашықтан (Whatsapp арқылы) оқып жүрген бауырының сабағын көріп, таңқалысын жасыра алмады.

"Whatsapp білім берудің негізгі принциптері: қолжетімділік, жүйелілік, көрнекілік, реттілікті сақтауға мүмкіндік бермейді. Демек білім беріп жатырмыз деп айтуға бола ма? Бәлкім бірінші тоқсанға бағаның орнына "Математикадан 27 сағаттық Whatsapp курсты тыңдады" деп жазамыз немесе "Ағылшын тіліне қатысқаны үшін сертификат" береміз дейміз бе?", - дейді Алма Мырзашқызы.

Айта кетейік, бұған дейін жазғанымыздай екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге дейінгі мектептер дәстүрлі форматқа көшетіні белгілі болды.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда екінші тоқсанда мектепке барып оқитын оқушылар санының артатынын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882375-birinsi-toksandy-whatsapp-pen-bitirgen-ata-analar-men-stazdar-zanajkajyn-ajtty/

pixel