RU

Ливанда COVID-19 таралуына байланысты коменданттық сағат енгізілді

Орындықтарды дезинфекциялау
Көрнекі фото: Hussam Chbaro/Anadolu Agency via Getty Images

Ливан үкіметінің ведомствоаралық COVID-19-бен күресте жедел әрекет ету штабы бүкіл елде коменданттық сағат енгізу туралы ұсынысты мақұлдады. Ереже түнгі уақыттағы қозғалыстарды шектейді деп хабарлайды lite.mir24.tv.

"Қарашаның басынан бастап бірқатар қалада кешкі 21.00-ден таңғы 05.00-ге дейін қозғалысқа қатысты шектеулер енгізілді",– делінген ресми құжатта.

Ливанның солтүстік-шығысындағы Баальбек пен Хермельде коменданттық сағаттың ұзақтығы кешкі 17.00-ден таңғы 05.00-ге дейін ұзартылғандығы атап өтілді. Билік алты адамнан аса қатысатын іс-шараларға тыйым салып, мейрамханаларды жауып тастады.

Елдегі денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Хамад Хасан үкіметке коронавируспен күресу шараларын күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, соңғы төрт күнде 7343 адам COVID-19 жұқтырған. Шенеунік бұл көрсеткішті "таңғаларлық" деп атады. Сонымен қатар, министрдің міндетін атқарушы COVID-19 таралуына қарсы қыркүйек айында енгізілген аймақтық жүйенің тиімсіз болғанын мойындады.

Денсаулық сақтау жөніндегі депутаттық комиссияның басшысы Асем Араджи "жаңбырлы маусым жақындағанын ескере отырып, пандемияның екінші толқыны" болатынына кәміл сенімді екенін айтты.

Ливан ішкі істер министрлігі 2 қарашаға дейін 69 қала мен елді мекенді оқшаулады. Оларда төтенше санитарлық режим жүріп тұр. Мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар қысқартылған жұмыс кестесіне көшті. Спорттық жарыстарға да тыйым салынды, шіркеулер мен мешіттердегі қызметтер тоқтатылды, кинотеатрлар мен кафелер жабылды. Тұрғындар өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы керек.

COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері 79 529 ливандық ауру жұқтырғаны хабарланды. Оның ішінде 40 352 адам сауығып, 625 науқас қайтыс болған.

Еске салсақ, Грекия билігі 3 қарашадан бастап елде ішінара локдаун енгізу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, Еуропадағы коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа жағдайларының 80%-ына мутацияланған коронавирус себеп болғаны туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882491-livanda-covid-19-taraluyna-bajlanysty-komendanttyk-sagat-engizildi/