RU

Қарағанды облысында 4 қарашадан бастап үш санитарлық бекет жұмыс істейді

Блок-бекет
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қарағанды облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 4 қарашада сағат 00.00-де сыртқы шекараларға кіруді/шығуды бақылау үшін үш санитарлық бекет жұмысын бастайды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондай-ақ, осы бекеттер арқылы жүріп-тұруға рұқсат беру үшін propusk.kz порталын іске қосу жоспарланып отыр.

Елде аурудың өсуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде келесі бағыттар бойынша санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды:

1. Қызылорда-Павлодар а/ж (Молодежный к. маңында).

2. Павлодар-Баянауыл-Бұқар жырау-Қарағанды а/ж (Үміткер кенті маңында);

3. Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолының 271-ші шақырымы, Семей қаласы бағытында (Кентөбе кенті маңында).

Осы санитарлық бекеттер арқылы өтуді қарастыратын сапарларды жоспарлағандар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі керек.

Аталмыш бағыттар бойынша құқық қорғау органдарына, медицина қызметкерлері мен арнайы қызметтерге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлеріне, жүк көліктеріне, транзиттік көліктерге, Қарағанды облысына жергілікті тіркеумен келетін адамдарға, емделуге келетін адамдарға рұқсатнамасыз жүріп-тұруға рұқсат етіледі. Вахталық жұмыскерлер мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүретіндер өз деректерін propusk.kz сайтына жіберуі қажет.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстандағы коронавирус жағдайына алаңдаған жергілікті билік шектеу шараларын күшейтті. Бүгіннен бастап шығыста санитарлық 13 бекет қойылды.

Оған қоса, 2 қарашадан бастап Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңа шектеу шаралары күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882512-karagandy-oblysynda-4-karasadan-bastap-s-sanitarlyk-beket-zmys-istejdi/